Жақында бір таксист жігіт маған өзімсініп, үйдей өкпесін айтты.
-Ойпырмай, осы күні жұрт не болып барады өзі,- деді кәдімгідей налып, жақында балабақшадан шығып, жол жиегінде қол көтеріп тұрған балалы әйелге тоқтай қалдым. Артқы орындыққа жайғасқан бала бірден аяқ киімінің балшығына қарамастан жолаушылар отыратын орынды аяғымен тапап, тікесінен түрегеліп тұрды. "Ол орынға сізден басқа адамдар да отырады, балаңызды жаныңызға алыңыз" дегенде әлгі жап-жас келіншек шап ете түсті: «ол әкесінің мәшинесіне отырғанда ылғи сүйтеді, соған үйренген ғой» деп қарап тұр. Менің де қаным басыма шауып: «100 теңге береді екен деп көлігімді былғататын жайым жоқ, баланың әкесін күтіңдер, ендеше!» деп әй-шайға қаратпай, көліктен түсіріп кеттім. Ал, айтшы, осынысы дұрыс па? Иә, бұған мен не айта алам, кәдімгідей ойланып қалдым.
Даланың даналық философиясын бойына сіңірген бұрынғы өткен бабаларымыз ондайда: «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп қай жерден мәкі жібергенімізді ишаралаған. Яғни, тал бесіктен бастап дұрыс берілмеген тәрбиенің соңы неге апарып соқтыратынын ойлаудың өзі қорқынышты. Әлдебір байшыкеш, бәлкім бір түкірігі жерге түспейтін лауазымды тұлғаға тұрмысқа шығып, бала тауып бергеніне мәз болып жүрген әлгі жас келіншек ақшамен бәрін сатып алуға болады деп келте ойлайтын шығар. Ертеден кешке дейін ауыл ішіне жолаушы тасымалдап, нәпақасын тауып жүрген жігіттің де бір үйдің азаматы, асыраушысы екендігін ойлауға ол байғұстың қайдан өресі жете қойсын. Әйтпесе: «балам, ата ұрсады, машинесін ластама, дұрыстап отыр» деп еркетотай баласын тәртіпке шақырып қойса, бірдеңесі кетпейді ғой. Сонда ұяттан жұрдай болғанымыз ба?