Үйден шықпасаңыз індет жұқпайды

Коронавирус індеті бүкіл әлемде тарап, жиырма мыңға жуық адамның өмірін қиса да, ауруға салғырттықпен қарап жүргендердің саны көп.

Әлеуметтік желіден, теледидардан көрсетіп, естіп жатқан жаңалықтарымыздан білгеніміздей, бұл тез таралатын жұқпалы ауру. Жерлестеріміздің көпшілігі бұл індет бізге келмейді деп тойларға, садақаға, адам көп жиналатын орындарға барып жүр.

Індеттің таралуының алдын алу жолы карантин болса, карантиннің ең тиімды тәсілі «үйден шықпай отыру» екен. Егер жаппай жұға бастаса, емдейтін дәрігер, тіпті жататын орын, керек жағдайда жасанды жолмен тыныс алуға көмектесетін аппарат та жетпей қалуы мүмкін. Егер біз төтенше жағдай кезінде яғни карантин жарияланғанда үйден шықпасақ, коронавирус таралмайды. Дәрігерлердің айтуынша, вирус адам денесіне кіріп, көбейе және ауада ұзақ тіршілік ете алмайды. Құдай да «Сақтансаң сақтармын» деп текке айтпаған. Сіз үшін жаныңыздағы жақын адамдар, бауырларыңыз, отбасыңыз қымбат болса, ойланыңыз!

Бүгін, яғни қазір бізде таңдау бар. Ертең тым кеш болуы мүмкін. Ақылға салып, сабырға келіп, үйде отырыңыз. Үкімет те, дәрігер де қолынан келгенін жасап жатыр. Жаппай таралса, бізге ешкім көмектесе алмауы мүмкін. Әсіресе, жасы егде үлкен адамдарға. Ауданымыздың медицина саласының қызметкерлері де қазір қауырт жұмыс үстінде. Індеттің таралмауы үшін қолдан келген шаралардың барлығы алынуда.

Қытай адамдарды дер кезінде күштеп, көшеге шығармау, ауру жұққандарды оқшаулау арқылы бұл індетті тез жеңді. Өзім көпбалалы анамын, болашағымыздың жалғасы балаларымның денсаулығы қымбат.

Сондықтан ауыл тұрғындарына айтарым, төтенше жағдай жарияланып, бүкіл ел дүрлігіп жатқанда жайбарақаттық танытпай, түсіністікпен қабылдап, үйден шықпай, барлық артық жүрісті тоқтатайық. Бұл сыннан бірлессек ғана аман шығамыз.

Б.БОЗОВА,

көп балалы ана

Сарытоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT