Ішек инфекциясы – қауіпті ауру

Жедел ішек инфекциялары – бұл бак­териялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру.

Жедел ішек инфекциясының қоздырғыштары өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ ыдыстарда, есік тұтқасында, ойыншықтарда және әртүрлі заттарда сақталуы мүмкін. Микробтары тез бұзылатын азық- түліктерде көбейеді.

Ішек инфекцияларының қоздырғыштары нәжіс-ауыз механизмімен беріледі, таралу жол­дары әртүрлі. Таратушы факторларына нәжіспен ластанған тағам өнімдері, су, тұрмыста қолданатын заттар және сыртқы объектілер жатады. Ішек инфекцияларының өршулері жаз-күз айларында көбейеді. Бұл мезгілде негізгі тағам мен су арқылы берілу жолдарының белсенділігі артады.

Ішек инфекциясының негізгі белгілері – іштің ауруы, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі болып табылады.

Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су ал­масу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеліп соғады.

Жедел ішек инфекциясын зерттеу барысында зерттеліп жатқан материалда қоздырғыштың болуын нақты анықтауға серологиялық және бактериологиялық зерттеу әдістері қолданылады. Зерттеу материалдарына құсық массалары, асқазанды жуған су, зәр және қан алынады.

«Ұлттық сараптама орталығы» аудандық бөлімшесінің бактериологиялық зертхана­сына 2025 жылдың шілде айына дейін Махам­бет орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінен жедел ішек инфекциясына күмәнді науқастардан зерттеу материалдары әкелініп, зерттеу нәтижесінде екі баладан жедел ішек ин­фекциясы анықталды.

Жедел ішек инфекциясының белгілері байқалса, өздігіңізден емделмей, жедел медициналық көмекке жүгінгеніңіз жөн.

 

А.САРГУНАНОВА,

Ұлттық сараптама орталығы аудандық бөлімшесінің

зертханашы - бактериологы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT