Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі игерілей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтару мәселесіне кеңірек тоқталды.
Президент өз сөзінде: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс»,-деген болатын.
Бұл тапсырмаға сәйкес ауданымыз бойынша пайдаланылмай отырған 152 жер иесінен 34613 гектар жер қайтарылып, ауыл тұрғындарының малына ауыл маңындағы жайылымдық жерлерін кеңейтіп, 3000 гектар ауылшаруашылығы жерлері конкурс арқылы жаңа ісін бастап жатқан шаруа қожалықтарына берілді.
Жолдауда айтылғандай, алға қарай цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, космомониторинг және геоталдау жүйесі арқылы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасап, соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалса шаруа қожалықтарының өндіріп отырған өнімінің сапасы мен көлемінің артуына, табысының көбейуіне едәуір септігін тигізетініне сенімдіміз.
Қ.Мәжиев,
Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы