Наурыз тойын Махамбет ауданы Есбол ауылының халқы кең көлемде атап өтуді біраз жылдан бері дәстүрге айналдырған.
Осы жолы да қалыс қалмай, ауылдың орталығына киіз тігіліп, алтыбақан құрылды.
Ұлыстың ұлы күнінде қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдың ақсақалдары бата берсе, ақ жаулық аналар ұршық иіруден сынға түсті. Таза ауада кілемді жерге жайып жіберіп, ұршықтарын шыр көбелек айналдыра бастады. Қолдарына қысқан жүнширатылып, дайын жіп болып шыға келді. Сайысқа қатысушы әжелер ұршық иірудің қыр-сырын көрсетті. Солардың бірі - Нәзира Меңдіғалиева. Оның айтуынша, жіп иірудің екі түрлі құралы бар.
-Бірі – ұршық болса, екіншісі – аяқпен айналдыратын жіп иіруіш. Сондай-ақ жүн иірудің де екі әдісі бар екен. Бірі – шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иірсе, келесі – шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру. Жалпы мұндай шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды игерту, ұлттық қолөнерге, қазақ халқының мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді. Дамыған заманда ұршық иіріп, оны киімге айналдырыңыз демеймін. Тек ұрпақтан ұрпаққа жалғанса, ұмыт қалмаса игі,- дейді Н.Меңдіғалиева.
Ауыл тұрғындары мен қонақтарына арнап мал сойылып, мерекелік дастархан жайылды. Қазақтың ұлттық ойындары да ойналды. Жасөспірімдер асық атудан сынға түссе, ересектер арасында қол күресі, гір тасын көтеру, қой көтеру, қазақша күрес, арқан тартыс, өгіз тартыс ойындары өткізілді. Жеңімпаздар арнайы медаль, диплом, сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар Есбол ауылдық округінің орталығы Ортақшыл ауылында да Ұлыстың ұлы күні - Наурыз жоғары деңгейде атап өтілді.
Киіз үй тігіліп, ауыл тұрғындарына арнайы дастархан жайылып, бауырсақ пен наурыз-көже таратылды. Балалар асық ату, лақ көтеру, көкпар ойындарына қатысып, мерекенің шырайын кіргізді. Ересектер гір тасын көтеру, қол күресі, бұқа тартыс, қой көтеру, қазақша күресте өз бақтарын сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль табысталды.
Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, ортақшылдықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ