Еркінбай ҚУАНОВ: «Маман тапшылығын шешудің жолы бар»

Жұмыр басты пенденің шыбын жанына араша түсіп, сырқатқа бой алдырғандардың сауығып кетуіне септігін тигізетін кәсіп иелері – дәрігерлер.

Ал сол ақ халатты абзал жандардың кейде құқықтарының қорғалмай, тиесілі еңбекақыларын ала алмай жүрген кездері де жоқ емес. Мұндай жағдай біздің ауданның да денсаулық сақтау саласын айналып өтпеді. Махамбет аудандық ауруханасының атқарылған және жоспарланған жұмыстарымен таныстыру мақсатында аудандық емханаға меңгеруші болып жақында ғана тағайындалған 44 жылдық еңбек өтілі бар білікті дәрігер, «Қазақстан Республикасы Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және «Қазақстан Даңқы» орденінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі Еркінбай Қуанұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

dari290121-2

– Еркінбай Қуанұлы, әңгімемізді алдымен аурухананың жайынан бастасақ...

– Махамбет аудандық ауруханасы екі типтік жобада салынған ғимаратта орналасқан. Яғни, 60 кереуеттік тәуліктік аурухана және 250 науқасты қабылдауға арналған екі кезеңді емхана. Және де аудандық аурухана құрамында 8 дәрігерлік амбулатория, 5 медпункт бар. Әр дәрігерлік амбулатория санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген, дәрігерлік амбулаториялар типті жобада салынған ғимаратта орналасқан. 47 жоғары білімді дәрігер, 173 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Аурухана мен емханада жаңа технологиялық стандарттарға сай цифрлы рентген, флюро аппараттары, ЭКГ, электронды микроскоп, лабораториялық жабдықтар жұмыс жасап тұр.

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіндегі адам органдарын алмастыру туралы айтылған тұсын қайта қарау қажеттігін айтып жүрсіз...

– Гуманитарлық тұрғыдан алғанда, «әркім – өз денесінің қожайыны». Егер науқас ауруханада қайтыс болса, ол адамның қалтасында «органымды алуға келісім бермеймін» деген қағазы болмаса, дәрігерлер ол адамның органын алып, басқа науқасқа сала берулеріне болады. Бұл – ақылға сыймайтын дүние. Екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған қазіргі мезгілде өзара келісім арқылы органдарды сатуы да мүмкін екенін жоққа шығару да қиын. – Көп жағдайда тұрғындар жедел жәрдем қызметіне көңілі толмай, кешігіп жететіндігін айтып жатады. Бұл тұрғыда ауданда мәселе бар ма? – Бұрын бір ғана бригада Жайықтың арғы беті мен бергі бетіне күндіз-түні тынымсыз қатынайтын. Қазіргі күні тағы бір «103» бригадасы іске қосылды. Олар Жайықтың арғы бетіндегі Ақжайық, Алға, Есбол, Ортақшыл секілді ауылдарда сағат кешкі 18.00-ден таңғы сағат 09.00-ге дейінгі аралықта қызмет көрсетеді. Ал Ақтоғай, Таңдай, Жалғансай ауылдарына түнгі мезгілде шақыртуларға баруы үшін жедел жәрдем бригадасының қызмет көрсету аясын кеңейтсе деген ойым бар.

– Еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы үлкен мәселе – кадр жетіспеушілігі. Ауданға қарасты кей ауылдық емханаларда дәрігердің жоқтығы, сондай-ақ біраз жылдан бері ауданға көз дәрігерінің келмеуі қиындық туғызып тұрғаны белгілі. Дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге қатысты өзіңіздің ұсыныс-пікіріңіз бар ма?

– Иә, дәрігер жетіспеушілігі тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен мәселеге айналып келеді деуге болады. Ауданға қарасты Талдыкөл, Ақтоғай, Сарытоғай, Жалғансай, Ортақшыл ауылдарындағы емханаларда дәрігер жоқ. Бірінде дәрігер декреттік демалысқа шығып, орнын алмастыратын қызметкер болмаса, тағы бірінде акушер, медбикеден өзге қызметкер жоқ. Жалғансайға аудандық емхананың дәрігері, Сарытоғайға Таңдайдың дәрігері барып қызмет көрсетеді. Талдыкөлдегі медбике орнына сол ауылдағы мектептің медбикесіне қосымша ақы төлеп, қос жұмысты атқару туралы ұсыныс айтылды. Ал олай болмаған жағдайда Бейбарыс ауылындағы қызметкер жазға дейін қызмет атқарып, кейін жазда медициналық колледждің бір түлегін Талдыкөлге жіберу нұсқасы да қарастырылған. Ауданға көз дәрігері аптасына бір рет, яғни сенбі күні келіп, сырқаттарды қабылдап отыр. Жапонияда мамандардың тапшылығына байланысты қызметкерлер 67 жасқа дейін еңбек етеді. Ал біздің елде бұл мәселені шешудің жолы бар. Төрегелді Шарманов 70-ші жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры болып тұрған кезінде медициналық колледжді үздік бітіргендерді 1 жыл қызмет атқарғандарынан кейін институтқа емтихансыз қабылдады. Сол студенттер күндіз жұмыс жасап, кешке білім алып, институтты аяқтап шыққан. Дәрігер жетіспеушілігі мәселесі сол кезде осылай өз шешімін тауып жатты. Бүгінгі күні елімізде 5 медициналық академия болса, олардан бар-жоғы 1000-ға жуық студент қана қолына дипломын алып шығады. Шармановтың бастамасын қайта қолға алып, осы ұсыныс Үкімет отырыстарында қаралса деген ойым бар. Екінші жағынан, мемлекеттік атқарушы органның қаражаты есебінен оқыған мамандардың тұрақтамауы да мәселеге айналды. Ол мамандар 1-2 жыл жұмыс жасағасын басқа қызметке ауысып кетіп жатады. Оның себебі – заңдағы олқылықтар. Яғни, ол жерде «бір бюджеттік мекемеден екіншісіне ауысу заң бұзғандық болып есептелмейді» делінген.

– Медицина қызметкерлерінің құқығы қаншалықты қорғалған? Жалақыларын өсіру қандай деңгейде? Жас мамандарды баспанамен қамту жайы қалай?

– «Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы» заң қабылданса деген ұсынысым бар. Бұл туралы Президент те өзінің сөздерінде айтып жүр. Жалпы ауданда соңғы 3 жылда 36 дәрігер, 74 орта буын медицина қызметкерлері біліктілік жетілдіруден өтсе, 23 дәрігер, 83 орта буын қызметкерлері санаттылықтар алды. 2018-2020 жылдары ауданға 22 дәрігер, оның ішінде 6 жас маман және 47 орта буын медицина қызметкері жұмысқа қабылданды. Соңғы 3 жылда жергілікті атқарушы билік тарапынан 5 қызметтік пәтер берілді. Медицина қызметкерлерінің жалақысына келер болсақ, 2021-2023 жылдары дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, ал орта буын қызметкерлерінікі 20%-ға артпақ.

– Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жасалуда?

– Өткен жылдың қараша айынан бастап емхана өз жұмысына өзгеріс енгізе отырып, күндізгі стационарлық көмектің аумағын кеңейтуді қолға алды. Төсек орын саны 60-қа жетті. Күндізгі ауруханада 3 жоғары білімді дәрігер, 10-нан астам орта буын қызметкерлерімен бірге психолог, логопед, дефектолог, эрготерапевт, т.б. мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар сырқаттың ем-шарасын үзбеу мақсатында сенбі, жексенбі күні күндізгі стационар сағат 9.00-де 14.00-ге дейінгі жұмыс кестесіне келтірілді. Бұл жұмыстар емхананың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен біраз қаражат табуына септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, сенбі күні емханада кезекші дәрігер сағат 9.00-12.00 аралығында дәрігерлік қабылдау жасап, түскен дәрігерлік шақыртуларға сағат 15.00-ге дейін барады. Емханада учаскелік дәрігерлер уақытын үнемдеу және шақыртуға кешікпей бару үшін емхана дәрігерлеріне тұрақты арнайы санитарлы көлік бөлінді.

– Өткен жылдың жазында коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар саны күрт артты. Мұндай жағдайға не себеп болуы мүмкін?

– Пандемияның ушыққан мезгілінде аудандық аурухананы толықтай инфекциялық стационарға айналдырып, қателіктер жіберілген. Сондай-ақ, аудандық аурухана балаларға арналған төсектерді өзге бөлімшелерге бөліп жіберіп, балалардың стационарлық көмек алу құқы бұзылған. Бүгінгі күні аудандық ауруханадағы орын саны 50-ден 60 төсекке ұлғайтылып, толық көлемде жұмыс жасауда. Сонымен бірге 10 төсектік балалар бөлімшесі ашылды, оның 4-еуі неврологиялық бейімдеу кереуетіне бөлінді.

– Қазіргі ахуал қалай? Қажетті аппараттар, дәрі-дәрмекқоры жеткілікті ме?

– Бүгінгі күні «Covid-19» пандемиясының екінші кезеңінде тұрғындар арасында пневмония және коронавирустың тарауының алдын алу үшін түскен шақыртуларды зерделей отырып, науқастың үйде қалуын және учаскелік дәрігердің үйден барып қарау тәсілін енгіздік. Соның нәтижесінде пандемия сырқатының тарау жолы кесілді, эпидемиологиялық жағдайды тұрақты, бақылауда ұстап отырмыз. Емханаға қызулап келген науқас кіреберіс жерден оқшауланып, сүзгі бөліміне жіберіліп, сол жерде сырқатын анықтап, қажет жағдайда ПТР-тест жасалынады. Қосымша 10 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ашылып, 2 дәрігер, 3 орта буын медицина қызметкерлерімен, 6 дана жасанды тыныс алу және оттегі концентраты аппараттарымен қамтамасыз етіліп, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Аудандық емхана, ауылдық амбулаториялық пункттердің қызметкерлері медициналық сақтану киімдері, бетперде, антисептик, сұйық сабын, дезинфекциялық ерітінділер, шприц, т.б. заттармен қамтылған. Ауру шыға қалған жағдайда үйге барып қарайтын 5 мобильді топ құрылды.

– Аурухананың қаржылық қиындықтарға тап болып, қарызға белшеден батып, қызметкерлерге де, науқастарға да қажетті жағдай жасалмай отырғандығы туралы айтылған-ды. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– 2016 жылдан өткен жылдың 1 қарашасына дейін аудандық аурухана 134 миллион теңге бережақ болған. Бірақ соңғы 2 айында дұрыс ұйымдастыру, қаржылық талдаулардың нәтижесінде бюджеттен еш қосымша қаржы сұрамай мекеменің 95 миллион теңге бережағы жабылды. Оның ішінде 2016 жылғы 11 млн 120 мың теңге сауықтыру жәрдемақысы қызметкерлерге төленді. Қалған 39 миллионды, оның ішінде 16 миллион теңге 2019 жылғы сауықтыру жәрдемақысын ақпан айында өтеу жоспарланып отыр.

– Сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсетуде өзге қандай мәселелер бар? Алдағы жоспарланған жұмыстар қандай?

– Емхана қыста салқын, 2010 жылы берілгеннен бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген және де жеделсаты да істен шығуына байланысты екінші, үшінші қабаттан ем-шара алатын мүмкіндігі шектеулі жандарға, үлкен кісілерге қиындық келтіріп отыр. Аурухананың рентген аппаратын ауыстыру аса қажеттігі туындаса, емханаға стационарлы маммограф аппаратын алу, маманды оқыту мәселесі осы жылы шешімін табады деп күтілуде. Ауруханаға, емханаға, дәрігерлік амбулаторияларға және босандыру, ота жасау және өзге де бөлім жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жылыну қазандарын өшірмей жылу жүйесін ұстау үшін генераторлар алып қондыру қажет. Осы жылы жүзеге асады деген жоспарлануда.

Аурухананы көз дәрігері, тері аурулары дәрігері және 6 жалпы тәжірибелі дәрігерлермен қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр. Бұл бағытта бүгінгі күні 6 дәрігермен келіссөз жүргізіліп қойылды. Эндоскопиялық аппарат болғанмен де, маманның жоқтығы мәселе болып тұр. Емханадағы дәрігерлердің бірін осы аппаратпен жұмыс жасауды үйренуге жібереміз деген жоспар бар. Бірлесіп көтерген жүк – жеңіл. Ауданның медицина қызметкерлері алға қойған денсаулық сақтау саласының стратегиялық жоспарлы межесін абыройлы орындайтынына сенемін.

– Ашық әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521