Газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз шамадан тыс көтергені үшін кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан да шара қолданылатынын жазғанбыз.
Ал, жуырда Қазақстан Республикасының Сауда және Интеграция, Ауыл Шаруашылық және Ұлттық Экономика Министрліктерінің бірлескен бұйрығы заңды күшіне енді. Соған орай еліміздегі әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағалары енгізілді. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 90 бабына сәйкес облыс орталықтарының, республикалық деңгейдегі маңызы бар қалалардың және аудандардың әкімдігі заңды құзіреттілігінің негізінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауы тиіс. Осы бағытта, Махамбет ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі №107 өкімімен аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне кәсіпкерлік субъектілерге профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексерулер жүргізу тапсырылды. Бөлім басшысы Ж.Пазуловтың айтуы бойынша:
- Мамандар тарапынан кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп,бағаны асырмау жөнінде ескертулер берілді. Нұсқаманы орындау мақсатында аудан бойынша барлық дүкендерде 9 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтылған сөре орнатылды. Бұл алдымен тұрғындарға керек тауарларды қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік беріп жатыр. Мысалға, өлшемелі макарон түрлері 200-216 теңге аралығында, 1 сорт наны (500гр)-82 теңгеден асырылмай сатылуда. Ескертулер орындалмаған жағдайда кәсіпкерлік субъектіге заң шеңберінде шара қабылданып, айыппұл салынады.
Иә, жаңа заңның жазасы да жеңіл емес. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті шектік бағадан қымбатқа сатқан кәсіпкерге Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 202 – бабымен 100 айлық есептік көрсеткіш (265 100 теңге) сомасында айыппұл салынады. Әкімшілік жауапкершілікке қарамастан 1 жыл ішінде аталмыш заң бұзушылық әрекетін қайталаған кәсіпкерге екі еселенген, яғни 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу міндеттеледі.
Шектік баға шеңберінде халық пен кәсіпкерлер көкейінде көптеген сұрақтар:
1.Шектік бағаның шектеуі әр аймақта әр түрлі:
Мәселен, бүгінге дейін 200-250 теңгеден сатылған бірінші сұрыпты ұнның бір келісі Нұр-Сұлтанда 150 теңге, Таразда - 149, ал Атырауда 162 теңгеден аспауы тиіс.
Нан бағасы неге қымбат?
Нан неге шектік бағаға бағынбайды десеңіз, көптеген наубайханалар ас атасын жоғарғы сұрыпты ұннан әзірлейтіні белгілі. Ал, шектік бағаға сәйкес бірінші сұрыпты ұн және одан дайындалған нан бағасы 82 теңгеден аспауы тиіс. Әзірге аудан бойынша халықты мұндай бағадағы нанмен қамтамасыз етіп отырған «Дәулет нан» наубайханасы.
Арзан астық пен жұмыртқаны қайдан аламыз?
Күнделікті тұтынатын азық-түлікті мынадай карантин кезінде арзан бағада тауып, жеткізу де оңай жұмыс емес екені белгілі. Осы ретте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдері бірлесе жұмыс атқарып, жеке кәсіпкерлерге барынша бағыт-бағдар көрсетіп, көмектесуде. Бұл ретте облыстағы тұрақтандыру қорынан тауар алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабаевтың мәліметінше:
Атырау облысы халықының қажеттілігіне байланысты тұрақтандыру қорына 1 сұрыпты бидай ұнын сатып алу жоспарланған. Махамбет аудан бойынша 1 айға наубайханаларға және тұрғындарға қажетті 52 тонна бидай ұнын алуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс жолданды. Аудан бойынша әр ауылдық округтерге тасымалдауға 12 оператор тағайындалды. Ал жұмыртқаны кәсіпкерлерге «Алмалы Құс» ЖШС фабрикасынан қолжетімді бағада алып тұруға келісім жасалуда.
Тұтынушы құқығыңды біл!
Бағаны бақылауда ұстау алдымен жергілікті әкімдіктің, арнайы мамандардың міндеті. Әйтсе, де халықтың тарапынан да құқық бұзушылықтарды байқап, тиісті орындарға хабарлап жүру артық етпес еді. Бұл ең алдымен төтенше жағдай кезінде қоғамда ортақ тәртіпті орнатуға көмектессе, екіншіден, тұтынушы ретінде өз құқыңызды біліп жүруге үйретеді.
Сондықтан, кез келген азық-түлік дүкеніне барған кезде алған затыңыздың түбіртегін сұраңыз. Қазақстан Республикасының Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы Заңындағы 3-ші тараудың 7-ші бабының 8 және 9-шы тараушаларына сәйкес, сіздің төмендегідей құқықтарыңыз бар: «тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге; сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға».
Түбіртекті талап ету не үшін маңызды?
1. Сіздің қаржылық сауаттылығыңызды көрсетеді және ақшаңызды үнемді жұмсауға тәрбиелейді.
2. Таразыдан, тауардың сомасынан қателік кетпеуін қадағалайсыз. Егер дүкенші сізден артық алса, дәлелдей аласыз, қайтарып аласыз.
3. Түбіртек арқылы қай дүкенде қандай тауардың арзан немесе қымбат екенін біліп жүресіз.
4. Кез келген заң бұзушылықты түбіртек арқылы ғана дәлелдеп, арнайы органдарға шағымдана аласыз.
Демек, министрліктер бекіткен шектік бағаға бағынбай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қымбат бағада сатқан кәсіпкердің үстінен тұтынушы ретінде арыз тастай аласыз. Тек, қолыңызда бұлтартпас дәлел ретінде түбіртегіңіз болуы керек. Шағымдану дегеніміз әр дүкенде орналасқан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тұрған сөрені қарамай, ол санатқа жатпайтын өнімнің бағасын айтып немесе жалған баға қосып кәсіпкердің үстінен домалақ арызды дөңгелете беру емес. Бұл жерде де сіз сол сөредегі өнімдердің бағасы шегінен асып кеткенде ғана, қолыңызда нақты баға туралы түбіртегіңіз болса ғана аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандарына жүгіне аласыз. Ал, басқалай жалған ақпарат таратсаңыз, кәсіпкерден бұрын өзіңіз заңмен жауапкершілікке тартыласыз. Сондықтан әр істің ақ қарасын анықтап алмай, кәсібімен күн көріп отырған бір адамды қаралауға асықпаған жөн.
Иә, азық-түлік бағасының аяқ асты қымбаттап кетуі аудандағы үлкен және кіші дүкен иелерінің, кәсіпкерлердің кінәсі емес. Бұлардың бағасы көтерме сауданың құнына тәуелді екен сөзсіз. Кез келген кәсіпкер өзінің қымбатқа алған өнімін, арзанға сатып шығынға ұшырамауды ойлайды және соның жолдарын қарастырады. Солардың бірі жеке кәсіпкер Әлия Кенжеғұлова:
- Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары орын алып жатқан өзгерістер мен шектеулерге қатысты түсінік жұмыстарын жүргізді. Әрине, осындай ел басына қиындық келген уақытта бір-бірімізді қолдап, демеу азаматтық міндетіміз. Саудагер екенмін деп қалайда пайда табудың жолын көздемей, қаладан қымбатқа алсақ та, халықтың қалтасы көтеретін сомаға сатуға тырысуымыз қажет. Тәуелсіздіктің, халықтың арқасында осы күнге жеткен кәсіпкерлер бұл қиындықты да елмен бірге көтеріп шығарына сенемін,-деп әріптестеріне, тұрғындарға қолдау білдірді.
Түйін:
Аталмыш заң күшіне енгеннен кейін аудандағы барлық дүкендерде арнайы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сөрелері орнатылған. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысымен жүргізіген рейдтік шара барысында бағаның біраз тұрақталғанын байқадық. Бірі өз бәсінен түсіріп сатса, енді бірі 50-60 теңге ғана қосып отыр. Әзірге бір байқағанымыз, «Әділжан», «Қырмызы» және Алға ауылдық округінде орналасқан «Баймырза», «Дәурен», «Ажар», «Жұмаберген» азық-түлік дүкендерінде 9 түрлі тамаққа толы сөрелер әп-сәтте босап қалып жатыр. Халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Осылай бірлігімізден ажырамай, бір-бірімізді демеп жүрген не жетсін?
А.САТАЕВА