ЕКІ МӘРТЕ СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ, КҮРІШТІҢ АТАСЫ АТАНҒАН ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВ «ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ ҚАЗЫҒЫ» ДЕГЕН ЕКЕН. РАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТКЕН АДАМҒА ҒАНА ӨМІРДІҢ БАР ЖАҚСЫЛЫҒЫ ИІЛІП ТҰРАТЫНДАЙ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАР ТОҚАЕВ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРДЫ, ЕҢБЕК АДАМДАРЫН ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ ДЕП БЕКЕР АТАМАДЫ. ТЕХНОЛОГИЯ ҚАНША ДАМЫСА ДА, ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАШАНДА ҚҰНДЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК.
Өмірінің қырық жылын бір салаға арнап, осы жолда өзін шыңдай түскен, ел алдында адал еңбегімен сыйлы болған жандардың бірі - Қабазова Сара Үмбетқызы. 1985 жылдан бері «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитеті Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Махамбет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінде абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Бір адамның ғұмырына татырлық осы жылдарда ол ауданның эпидемиологиялық ахуалының тұрақтылығына үлесін қосқан, өз саласында алдыңғы қатарлы, талапшыл мамандардың бірі болды. Сара Үмбетқызы 1963 жылы 1 мамырда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Есбол ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1971-1981 жылдар аралығында «Фурманов» атындағы орта мектебінде 10 жылдық білім алып, 1981-1985 жылдары Гурьев медициналық училищесінен «санитарлық фельдшер» маманы атанып шығады. Еңбек жолын 1985 жылдың сәуір айынан бастап Атырау облысы, Махамбет аудандық санэпидстансасында «санитарлық дәрігердің көмекшісі», жетекші маман болып бастап, 1994 жылы «жоғарғы» санаттағы қызметкер, бас маман қызметіне көтеріледі.
«Жұмыс өтілімдегі жылдарда халықтың с а н и т а р и я л ы қ - э п и д е м и о л о г и я л ы қ салауаттылығын қамтамасыз етуде үнемі ізденіс үстінде, тәжірибемді шыңдаумен болдым. Осы салада 1985 жылдан бері күні бүгінге дейін үзбей, тынымсыз еңбек ету жолында тұрғындар арасында тамақтан улану фактісі мүлдем тіркелмеді» дейді Сара Үмбетқызы. Әйтсе ауданда бірнеше мәрте өршіген эпидемилогиялық ахуал кезінде атқарған еңбегі әлі күнге есінде екен.
1986-1987 жылдары ауданда өршіген түрде (600-ге жақын) сары ауру /вирусный гепатит/ тіркеліп, ұйымдасқан түрде шұғыл эпидемиологиялық шаралар жүргізілді. Мек- теп, балабақшаларда таза ауыз сумен қамту шаралары, дезинфекциялау болды. Ол кезде үйлерге тек ылғалды дезинфекция емес, камералық дезинфекция жасалатын, осы профилактикалық іс-шараларды уақытылы ұйымдастыру арқылы көп ұзамай ауру түпкілікті тоқтатылды,- дейді эпидемиолог маман өз тәжірибесінен естеліктерімен бөлісіп.
Бүгінде осы санэпидстансасының жұмысына немқұрайлы қарайтын жандар болса, мына деректерді міндетті түрде оқып шығуы керек. Мәселен, 1986-88 жылдар аралығында ауданымызда мал арасында туберкулез ауруы тіркеліп, Еңбекшіл, Сарайшық, Память Ильича елді мекендері карантинге жабылған. Тұрғындарды аурудан сақтандыру үшін дер кезінде эпидемиологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып, жоспарлы жүргізілуіне байланысты 3 жылдан кейін ахуал тұрақталып, карантин тоқтатылады. Одан бұрын 1986-87 жылдары аралығында іш сүзегі (брюшной тиф) Сарытоғай ауылында өршіген түрде тіркеледі. Барлығы 32 ауру тіркеліп, 2 науқастың жағдайы ауыр халде болған. Осы тұста да аудан әкімдігінің қолдауымен, эпидемиологиялық станса мамандарының жедел түрде аудандық ауруханамен бірлескен іс-шаралары арқасында науқастардың жай-күйі қалпына келтіріледі. 1988 жылдары Таңдай, Новобогат, Алға ауылдық округтерінде мал арасында 3 мәрте бруцеллез ауруы тіркеледі. Адамға да жұғу қаупі бар кеселден құтылу үшін де кешенді жұмыстар атқарылған.
2020 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген короновирустың өршіген уақытында да осы саланың мамандары, Сара Үмбетқызы бастаған топ өз кезегінде халықты қауіпсіздікке шақыруда үлкен жұмыстар атқарды. Денсаулық сақтау саласы мамандарымен, аудандық түсіндіру тобындағы мамандармен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар қорытындысы да оң нәтижемен аяқталды. Әлбетте, бұл кесел арамыздан бірқатар игі жақсыларды алып кетті. Әйтсе де, өз өмірін қатерге тігіп, қызметте сап түзегендер қатарында Сара Қабазова секілді қаншама мамандар, қарапайым еңбек адамдары бар. «Еңбек жолымдағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі осы еліме адал қызмет етіп, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының шектелуіне жол бермеуге салтанатты түрде ант ете отырып, ҚР «мемлекеттік әкімшілік қызметшісі» атану болды», -дейді Сара Үмбетқызы. 2003 жылдан бастап денсаулық сақтау саласының маманы ғана емес, мемлекеттік қызметке қадам басқан ол осы жылдар аралығында ауданның әкімдігімен де өте тығыз қарым- қатынаста жұмыс атқарып келді. Бұл саладағы әріптестер де Сара Үмбетқызының мамандығы мен міндетіне адалдығын, тиянақтылығын үнемі үлгі етіп отырады. Тәртіпке бағынған талапшыл жан деп бекер атамадық. Сара Қабазованың есімін естігенде бір кездері жеке кәсіпкерлер мен азық-түлік дүкендері, мектептер мен балабақша ұйымдары тік тұратын. Расында, барлық санитарлық талаптардың орындалуын қатаң қадағалайтын ол, бір қателіктің өзі халықтың денсаулығына әсер ететінін шегелеп тұрып ескертетін. Өзіне жүктелген міндетті атқару жолында осындай өршіл, қатал мінезімен есте қалса да, Сара Үмбетқызы ауылдастары алдында қашанда абыройлы жан болып қала бермек. Оның еңбек жолында атқарған елеулі істері үшін бірқатар алғыс хаттар мен марапаттар беріліп келді. Соның ішінде 2016 жылы ҚР Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, 2019 жылы Махамбет ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», 2021 жылы ҚР ДСМ-нің «Алғыс хатымен» 2024 жылы «Qaz Med» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Медицина қызметкері күні» кәсіби мерекесіне орай ҚР Денсаулық сақтау жүйесінде, адал еңбек қызметі және қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал жуырда «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық байқауының салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылып, тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық-саяси істерге белсенді атсалысып, атқарған елеулі еңбегі үшін «Үздік еңбек адамы» төсбелгісімен марапатталып, куәлік берілді. Бұл үлкен марапат Сара Үмбетқызының қырық жылдық адал еңбегінің нәтижесі, жемісі деп білеміз. Жұмыста білікті маман, отбасында жақсы жар, аяулы ана бола білген ол жолдасы марқұм Айдынғалимен 33 жыл бір шаңырақ астында тұрып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Аманжол мұнай саласында, қызы Айкөркем білім беру ұйымында, кіші ұлы Амандық кәсіпкерлікте еңбек етуде. Үлкен келіні, өзі «сырласым» деп айтатын Гаухары да осы медицина саласының маманы. Бүгінде әулетте үш немере сүйіп отырған Сара Үмбетқызы енді сүйікті әже атанып, зейнетті жасының қызығын көруде. «Еңбекпен қатайып, еңбекпен есейдік. Ел алдындағы азды-көпті абыройымыз да осы еңбегіміздің жемісі. Сол еліңнің дамуы жолында арнаған әр күнің өзіңе мол ризық әкелері сөзсіз» дейді денсаулық саласының зейнеткері, «Үздік еңбек адамы» төсбелгісінің иегері Сара Қабазова.
Адам өмірге келгеннен өле-өлгенше тіршілік үшін еңбектеніп өтеді. Бұл жол бізді шыңдайды, үйретеді, дайындайды. Үйдегі, түздегі деп бөлмесек те еңбектің наны қашанда тәтті, ал еңбеккерлердің еңбегі қашанда бағалы.
А.САТАЕВА