Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында электросамокаттар мәселесіне назар аударуы – еліміздегі көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық қауіпсіздікті жетілдіруге бағытталған орынды әрі дер кезінде көтерілген бастама. Қазіргі урбанизация үдерісі мен заманауи технологиялардың дамуы аясында электросамокаттар күнделікті өмірде кеңінен қолданылып келеді. Әсіресе ірі қалаларда бұл көлік түрі жылдам әрі қолжетімді құралға айналып отыр. Алайда оны қолдану мәдениеті мен қауіпсіздік талаптарының әлі де толық қалыптаспағаны алаңдаушылық туғызады.
Электросамокаттар – экологиялық таза, шудың төмен деңгейімен ерекшеленетін көлік құралы. Олар ауаға зиянды газдар бөлмейді және қалалардағы көлік тығынын азайтуға үлес қоса алады. Бұл – мемлекет ұстанып отырған «жасыл экономика» бағытымен толық үндес. Дегенмен, электросамокатты пайдалану барысында жол жүру ережелері жиі бұзылып, жаяу жүргіншілер мен өзге көлік құралдары үшін қауіп төндіретін жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе жастар мен жасөспірімдердің бұл құралды бақылаусыз пайдалануы – көптеген жол-көлік оқиғаларына себеп болып отыр.
Осы ретте, Президенттің бұл мәселеге арнайы тоқталуы – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Электросамокаттарды пайдалануға қатысты нақты заңнамалық базаның қалыптасуы, арнайы жолақтар мен инфрақұрылымның дамуы, қауіпсіздік талаптарының күшейтілуі – қазіргі заманның қажеттілігі. Мемлекет тарапынан реттеу тетіктері енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілсе, бұл мәселе өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, бұл бастама қоғамдағы көлік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Әрбір азамат жолда жүру ережелерін сақтауды, өз жауапкершілігін түсінуді үйренуі керек. Себебі қауіпсіздік – тек полицияның немесе мемлекеттің ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Президенттің жолдауында айтылған электросамокаттар мәселесіне назар аудару – жай ғана көлік құралына байланысты емес, тұтас бір қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатысты маңызды шешім. Бұл бағыттағы нақты қадамдар Қазақстан қалаларын анағұрлым қауіпсіз, заманауи және ыңғайлы етуге үлес қосады деп сенеміз.
Р.САЛАУАТОВ