Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инфляцияға байланысты 150 мың теңге көлемінде ақшалай компенсация береді деген ақпарат желдей есуде.
Осы ақпарат таратылғалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының алды 150 мыңнан дәмесі бар адамдарға тола бастады. Тіпті, тиісті орындардан өздеріне тиесілі ақшаны тез арада беруді талап етушілер де табылуда. Алайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының «Халыққа қызмет көрсету» бойынша Махамбет аудандық бөлімінің басшысы Бақытбек Мұхамбетқалиевтің айтуынша, нақты міндетті зейнетақы жарнамасына аударылған соммамен зейнетақы жарнасына жинақталған сомманың инфляция денгейінің айырмашылығын ескере отырып, төленетін айырмашылық төлемі мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлік жасына жеткен кезде бір рет төленетін төлем көрінеді.
-Егерде зейнетақы жарнасына жинақталған соммасы нақты міндетті зейнетақы жарнасына аударған соммадан жоғары немесе бірдей болса, төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының №341 2014 жылдың 14 сәуірдегі Үкімет Қаулысымен бекітілген ережесімен реттеледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған мемлекеттік қызмет 2018 жылдың 11 қарашасынан бастап зейнетақы төлемі тағайындалғаннан кейін проактивті форматқа ауысты. Бұл дегеніміз мемлекеттік кепілдік төлемінің арызы зейнетақы төлемі тағайындалғаннан кейін автоматты түрде тіркеледі. Яғни, бұл қызмет түрі бойынша қызмет алушыларға ешқандай барып өтініш берудің қажеті жоқ. Барша аудан тұрғындарынан бұндай арандатуларға сенбеуді өтінеміз, – дейді Б.Мұхамбетқалиев.
Б.СҮЙЕУОВА.