«Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен - премьер» деп ақын Қ.Аманжолов жырлағандай расында әрбір шаңырақтың өз заңы, ұстанымы, басшысы бар. Әке – отбасының тірегі, қорғаушысы, асыраушысы болса, ана – отбасының ішкі тыныс- тіршілігінің үйлестірушісі, мейірім мен жылулықтың иесі. Ал балалар – шағын мемлекеттің ертеңгі болашағы. Осы шағын мемлекеттің беріктігі ел болашағына тікелей әсер етеді. Себебі, мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі.
Отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, үлгілі отбасыларды насихаттау мақсатында 15 мамыр – халықаралық отбасы күніне орай ауданның әр саласында еңбек етіп, отбасында үлгілі тәрбие мен берекелі өмір салтын қалыптастырып, айналасына өнеге көрсетіп жүрген бір топ отбасылар аудан әкімінің қабылдауында болды.
Жиынды ашқан аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев отбасы және ұрпақ тәрбиесінің маңызы туралы сөз қозғап, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
- Отбасы – әрбір адам үшін басты құндылық, жылулық пен жақсылықтың бастауы. Ынтымағы жарасқан отбасы – елдің тірегі, ұлттың болашағы. Отбасының қоғамдағы маңыздылығын айқындап, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – халықаралық отбасы күні болып бекітілген болатын. Содан бері бұл мереке елімізде жыл сайын атап өтіліп жүр. Бүгінгі басқосуымыздың себебі де осы. Мыңдаған отбасы ішінен береке-бірлігі жарасқан, көпке үлгі өздеріңіздей отбасыларға құрмет көрсетіп, кейінгі буынға үлгі ету. Әр шаңырақта шаттық пен береке орнап, сүйіспеншілік пен сыйластық әрдайым серіктеріңіз болсын, - деген тілегін білдірді.
Аудан басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы төсбелгісін білім беру саласының ардагері, кәсіби медиатор, зейнеткер ұстаз Жібек Мұғауоваға және ұзақ жылдар бойы «Алтын балық» бөбекжай-бақшасында тәрбиешілік қызмет атқарған, білім беру саласының ардагері Надежда Юдинаға табыстады.
Бұдан соң халықаралық отбасы күніне орай әр ауылдық округтерден арнайы шақырылған отбасылар аудан әкімінің Алғыс хаты мен сый- сияпатқа ие болды. Олардың арасында ауданның еңбек ардагерлері мен жұмысшы мамандықтары бойынша қызмет атқарып жатқандар да бар. Атаулы күні марапатқа ие болғандар қатарында Қабдолғазим Сапиев пен Сания Салихова, Салауат Ибатуллин мен Қафура Дүйімбаева, Айболат Темірғалиев пен Гүлсара Губашева, Серікқали Баймурзиев пен Нұргүл Меңдіғалиева, Амантай Уәлиев пен Амина Купбаева, Жайғали Қоспаев пен Гүлжиһан Қазбенова, Елжан Хайдаров пен Гүлжанат Калимова, Қаршыға Тасқалиев пен Сақыпжамал Қалиева, Қуаныш Меңдіғалиев пен Гүлнар Айтмағанбетова, Саламат Бұлхайдаров пен Жадыра Жетпісқызының отбасылары бар.
Аталмыш шараға Есбол ауылдық округіне қарасты Ортақшыл ауылынан келген ерлі-зайыпты Жайғали Қоспаев пен Гүлжиһан Қазбенованың отбасымен тілдесудің сәті түскен болатын.
Ортақшыл ауылының тумасы Жайғали Көшербайұлы – қарапайым еңбек адамы. Ол жиырма жылдан бері табан аудармастан ауданға қарасты «Атырау-Жарық» мекемесінде электр- монтер болып, еңбек етіп келеді. Ортақшыл ауылының тұрғындарын жарықпен қамтамасыз етуге жауапты маман.
- 2001 жылы орта мектепті аяқтап, Атырау қаласындағы үш айлық курсты оқып, электрик мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолым «Атырау-Жарық» мекемесінен басталды. Қызметімнен қол үзбей жүріп, Орал қаласындағы ҚазИТУ-ға құжат тапсырдым. Оқуымды сырттай аяқтап, жоғары білімді электрик мамандығының дипломын қолыма алдым. Қазіргі таңда өзім туып-өскен ауылым Ортақшыл ауылында еңбек етіп келемін, - дейді кейіпкеріміз.
Қашанда қара жұмыстан қашпаған Жайғали электр сымдарын иығына іліп алып, ақау туындаған жерге жедел жетеді. Уақытпен санаспай, өз жұмысын тиянақтылықпен атқаратын маманға ауылдастарының да айтар алғысы зор. Еңбек адамының қадірін білетін қоғамда Жайғали Көшербайұылының да еңбегі ескерусіз қалмады. Оның аудан, облыс мекеме басшыларынан әр жылдары алған Алғыс хат, Құрмет грамоталары – өз жұмысына деген адалдығының айқын дәлеліндей. Маңдай терін төгіп, ақ адал еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамының қызметтегі өмірі осылай жалғасып жатыр.
Қоғамда отбасылық құндылық мәселесіне ерекше мән беріліп, мінберлерден жиі айтылып жүргені рас. Жайғалидың өсіп-өнген отбасы жайлы айтар болсақ, әкесі Көшербай совхозда ұзақ жылдар еңбек етіп, аудан экономикасының өсуіне өлшеусіз үлес қосқан. Анасы Элизавета да совхоз тарағанша тракторист- механизаторлықтан қол үзбей, алтын құрсағынан бес бала өрбіткен аяулы жан. Өкінішке қарай, ата-анасы ерте өмірден өтіп, бар ауыртпалық ұлдың үлкені осы Жайғалиға артылады. Апалары өз теңін тауып, тұрмысқа шыққанда ол артынан ерген Даниял атты бауырын қамқорлығына алып, өсіреді. Отан алдындағы әскери борышын өтеген ол аға жолын қуып, электрик кәсібін меңгерген.
Бүгінде қырықтың қырқасынан асқан Жайғали отбасының тірегіне айналып, жарына қамқор болып, ұл- қызына өнегелі әке атанып отыр. Шаңырағының ұйытқысы Гүлжиһан да осы ауданға қарасты «Атырау- Жарық» мекемесінде бақылаушы болып, еңбек етеді. Екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.
Б.САПАРОВА