Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Мерейтой аясында мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек Нысанбайұлы, Ержан Малғажыұлы, Серікбай Ораз және Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы қатысқан, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіт имамдары бас қосқан келелі кездесу өтті. Оған Атырау облысының атынан Хан Ордалы Сарайшық мешітінің бас имамы Жайлыбек Кенжеалиев қатысып келді.
Мүфтият құрылғаннан бері атқарылып келе жатқан ізгілік жолындағы игі жұмыстарды жандандыру жайлы ойларын ортаға салынған жиында қоғамдағы өзекті мәселелер де қозғалған.
Отырыста сүбелі әңгімелер айтылып, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде діни сауат ашу курстары, мүфтият, мешіт тарапынан жасалатын қайырымдылық шаралары, мұқтаждарға көмек көрсету, жыл сайын қажылыққа барып келуге көмектесу. Осының бәрін Алла жолында халықтың игілігі үшін атқарылған жұмыс деп қарап, ақысын сұрамайтын мен секілді қаншама имамдар бар. Алла олардың жүректеріне, тағдырына осындай лайықты жолда жүруді жазған екен. Біздің осы бір ұлы миссияны атқарудағы еңбегіміз де еленіп жатыр. Алматыдағы басқосуда айтылған ақыл-кеңестер мен ұсыныстар аяқсыз қалмайтынына сенеміз,- дейді Хан ордалы Сарайшық мешітінің бас имамы.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толуына орай, еліміздегі діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі діни көзқарасты дәріптеу жолында өз үлесін қосқан тәжірибелі маман, бірнеше жылдан бері Хан ордалы Сарайшық мешітін басқарып отырған имам Жайлыбек Кенжеалиев мүфтияттың арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
А.ҚАНАТБАЙ