Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса әлбетте, дәрігердің көмегіне жүгінеміз.
Жұмыр жер бетінде осы дәрігер мамандығынан абыройлы, құрметті мамандық жоқ шығар. Сол құрметтің салмағы қаншалықты ауыр болса, оның иелеріне жүктелер жауапкершіліктің де жүгі соншалықты болмақ. Дәрігер болу «ақ халат кидім, ант қабылдадым» емес, дәрігер болу алдыңа келген науқасқа ем беріп қоймай, ісімен де, жылы сөзімен де дем беретін маман болу емес пе?
Жылдағы дәстүрге сай маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Біз осыған орай ауданға еңбегі сіңген, ерлі-зайыпты дәрігерлер отбасын іздедік. Соның ішінде, махамбеттік тұрғындарына жақсы таныс Мүбәрак Жақсығалиев пен Мария Абуованың отбасы туралы жазуды жөн көрдік. Бірі білер, бірі білмес, саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Мүбәрак Жақсығалиев ағамыз өткен жылы өмірден өтті. Өмірлік жары Мария Абуқызымен хабарласып, өткен естеліктері жайлы айтып беруін сұраған едік.
- Ақтөбе қаласындағы қазіргі М.Оспанов атындағы медицина университетін Мүбәрак фтизиатр,мен дәрігер-терапевт мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолымызды аудандық орталық ауруханадан бастадық. Мүбәрак 1985-1988 жылдары Сарытоғайда облыстық тубдиспансерлік санаториясында бас дәрігер, он жылдай уақыт тубдиспансерлік ауруханада бас дәрігер, кейін аудандық орталық ауруханаға рентгенолог болып ауысып, күні кешеге дейін жұмыс жасады.
Бұл жерде тең жарты ғұмырымыз өтті десем артық айтқандығым емес. Қырық бес жылдық еңбек өтілімде әр түрлі кардиолог, эндокринолог, УЗИ маманы, дәрігер эксперт, бас дәрігердің орынбасары сынды лауазымдарды атқардым. Ауруханада басшылық еткен Ж.Досымбаева, Қ.Капашев, А.Жаңбырова, А.Жұмыров, Еркін Сабиров, Ермек Сабировтар сынды бас дәрігерлермен жұмыстас болдым. Бізден кейін келген жастарға білгенімізбен бөлісіп, үлгі-өнегемізді көрсете білдік деп білемін. Солардың арасында Р.Жұмашева, М.Қаюпова, А.Самиғоллақызын айтуға болады.
Әрине, қазіргі кезең мен біздің кезіміздің арасы жер мен көктей. Біз қызмет еткен жылдары дәрігер мамандары тапшы, қазіргідей медициналық аппараттар атымен жоқ-тын. Тәуелсіздікпен бірге келген көптеген ремормалардың куәсі болдық. Сол жылдары Елбасының қолдауымен көптеген денсаулық сақтау нысандары іске қосылды. Бертін келе, заманауи үлгідегі жабдықтар алынып, дәрігер мамандар алыс-жақын көршілес мемлекеттерде білім-білігін жетілдірді. Оның ішінде біз де бармыз. Ауданымыздың медицина саласындағы қол жеткізген табыстары сол жаңашыл өзгерістердің арқасы деп білемін, - дейді кейіпкеріміз.
Рас, тәуелсіздікке дейінгі жылдары отандық медицинаның алдында тұрған көптеген күрмеулі мәселелерді шешудің оңайға соқпағаны анық. Соған қарамастан, өтпелі қиындықтарға дес бермей, халыққа жедел көмек көрсете білген жерлестеріміздің еңбегін елжұрты ерекше бағалайды. Ерлі-зайыпты қос дәрігер әр жылдары денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық әкімшіліктің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2016 жылы Мария Абуқызына «Еңбек ардагері» медалі беріледі. 1980 жылы шаңырақ көтерген Мүбәрак ағай мен Мария апайдың Динара есімді қыздары бар. Бүгінде ол тұрмыс құрған, 4 баланың анасы атанып отыр.
- Халықтың денсаулығын сақтау жолында жемісті еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарды келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, -деген жылы лебізін білдірді еңбек ардагері М.Абуқызы.
Бүгінде жер жаһанды жайлаған індетке байланысты бүкіл әлем осынау маңызды маман иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артуда. Сәт сайын сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған бұл дертпен күрес әлі де жалғасып жатыр. Қарусыз майданның алдыңғы шебінде адам жанының аршашысы болып жүргендердің еңбегі қандай құрметке де лайық.
Мерекелеріңізбен, құрметті медицина саласының қызметкерлері!
Б.САПАРОВА