ДОСТЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ АЙҒАҒЫ

Ел тәуелсіздігінің тарихында тұңғыш рет Қазақстан халқы ассам­блеясы институтының негізі қаланғаны белгілі. Жасыратыны жоқ, қазіргі кездегі жастарға бұл бастаманы қолға алған ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанның қандай болғанын елесте­ту қиын болар. Дегенмен, аталмыш институттың арнайы құрылым ретінде дүниеге келуі қиын кезеңге соққан тоқсаныншы жылдар­мен тура келгені ақиқат.

Шынында да сол кездегі саяси кезеңді еске алар болсақ, бұл құрылым өте қажет болатын. Себебі, елде азық-түлік жоқтың қасы, таңғы сағат 6-да сүтке кезекке тұру, емханаларда шприцтер, дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспей, электр қуатының үзілуі, жылудың болмауы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның экономикалық жағдайын айқын көрсетеді.

Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған кеңшар, ұжымшарлар сол кезеңдегі реформаға сай таратылып, ауылдық жерлердегі халық біртіндеп күнкөріс қамымен қалаларға қарай көше бастады. Әйел адамдар жанұя асырау үшін «ала дорбалар» арқалап, сауда жасап, жан баққандары да тарих қойнауының үлесінде.

Ашығына келгенде сол кезеңде ірі зауыттар, кәсіпорындарда, халыққа қызмет көрсететін жарық, жылу, су жүйелеріндегі арнайы мамандардың дені кеңестік кезеңде келген өзге ұлт өкілдерінен болатын.

Елде орын алған кедейшілікпен қатар елдің көп ұлтты болуы мәселесі де болды. Бұрынғы кеңес азаматтарының тарихи отандарына кетуі кадр тапшылығын ашып, елдің еңбек және экономикалық әлеуетін әлсіретті.

Бір жағынан бұрынғы КСРО құрамында болған көршілес елдер­де ұлтаралық қақтығыстар да бой көтеріп, ахуал оңай болмады. Міне, осы жағдайда Қазақстан халқы Ас­самблеясы институты құрылғаны мемлекетіміздің бейбітшілік пен достық жолындағы бірден-бір алғышартын жасап, бұрынғы кеңестік республикалардағы ұлтаралық қақтығыстардан дұрыс қорытынды жасауға әсер етті. Дегенмен, әртүрлі елдердің басшылары Қазақстанды панисламизм, пантүркизм, батыс өркениеті идеяларына тартуға тырысқандарын да айтуымыз қажет, бірақ қазақстандықтар ел тағдырын өз қолдарына ала алды.

Міне, осылайша 1995 жылы 1 на­урызда Қазақстан халқы ассамбле­ясы институты нақты сипат алып, консультациялық-кеңесші органның ресми туған күні оның негізгі міндеті әрі дамуының негізі мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру болып табылғаны хақ.

Жалпы ел тарихында көп ұлтты Қазақстанның қалыптасуына ұзақ уақыт кетті деуге келеді. Столыпин реформасы кезінде қазақ даласына Беларусь, Украина және Ресейден миллионнан астам адам келді. 30-шы жылдардағы ұжымдастыру кезеңінде республикадан жер аударылған 250 мың шаруалар репрессияға ұшырады. 1,2 миллионнан астам адам Қазақстанның өндірістік объектілеріне жер аударылды.

Сталиннің тұсында қазақ даласына тұтас халықтар жер аударылды. 800 мыңнан астам неміс, 18 мың корей, 500 мың кавказ халықтарының өкілдері, 100 мың поляктар елге келді. Олар күзетшілердің мазағына шыдап, түрлі үйлердің суығына тоңып, жолда аштыққа төзіп, туыстары мен бала­ларынан айырылып, жалаңаш далаға қонды. Ал ең бастысы - қазақ отбасыла­ры оларды аштықтан құтқарды.

Бұған қоса, 1930-40 жылдары респу­блика аумағында 11 лагерь ашылды. Мыңдаған және жүздеген тұтқындар жантүршігерлік өлімнен қайтыс болды. Босатылғандар ел аумағынан кете алды, бірақ көбісі қалды. Ұлы Отан соғысы кезінде республикамыз тағы 300 мыңнан астам эвакуацияланған жандарды қабылдады.

Кейін 1950 жылдары Қазақстанда тың жерлерді игеру басталды, оны игереміз деп елімізге 1,5 млн. астам адам келді. Осылайша, ХХ ғасырда әртүрлі себептермен Қазақстанға 5,6 миллионға жуық адам қоныс аударды.

Сонымен қатар байырғы халықты эмиграциялау процестері жүрді: 1,3 миллион қазақ отбасылары қуғын- сүргіннен құтылу үшін елден кетті, тағы 1,5 миллион адам аштықтан өлді. Байқағандай, елімізде көпұлтты саяси жүйе жасанды түрде құрылды. Және бұл біздің жерге өз қалауынша келмеген адамдардың кінәсі емес. Ал біз барлығын біртұтас елге, біртұтас халыққа біріктіре алдық. Бұл біздің бүгінгі басты артықшылығымыз екені даусыз.

Қазіргі таңда яғни «Жаңа Қазақстан» қоғамында мемлекетіміз 150-ден астам этнос пен 40 конфессияның ортақ үйіне айналды. Елімізде 471-ден аса ұлттық-мәдени бірлестік, 20-ға жуық республикалық және облыстық газет­тер, радио мен телебағдарламалар, 6 ұлттық театр, 100-ден астам этникалық мектеп пен 170 тілдік орталық бар. Осы таңдауымыздың арқасында еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық озық тәжірибесі ретінде халықаралық деңгейде танылды. Оны әлемнің көптеген елдерінің саяси және рухани көшбасшылары, қоғам қайраткерлері де мойындап отыр.

Олай деуімізге 2002 жылы БҰҰ- ның Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Қазақстан әртүрлі ұлттардың бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісі бола алады. Көпұлттылықты қаңғыбастық деп емес, мейірімділік пен ақ жүректіліктің ордасы деп білген жөн. Әртүрлі этникалық, мәдени, діни және кәсіби топтар олардың өміріне әсер ететін шешімдерге қатыса алады. Бұл өте маңызды», - деген сөзі дәлел бола ала­ды.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы ас­самблеясы қоғамдық келісім кеңестері, ақсақалдар кеңесі, әкелер мен ана­лар кеңесі ұйымдарының, Достық үйлерінің үлкен ордасына айналды. Ал, отбасы институты, шаңырақ шаттығы, жанұя татулығы, парыз, адалдық сынды қағидаттар – қазақ халқының қанына сіңген ұлттық ұстанымдарының бірі. Сондықтан, «Достық үйлеріндегі» ме­диация кабинеттерінің де мәні зор деп білемін.

Жыл сайын этномәдени бірлестіктер өздеріне тән ұлттық мерекелер мен атаулы күндерге орай кең ауқымды шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтын этнос өкілдері Наурыз, Амал және Тәуелсіздік мерекелерін, Алғыс айту күндерін өткізуді дәстүрге айналуда.

Ассамблеяның негізгі мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін негізге ала отырып, қазақстандық патриотизм Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету.

Басты міндет – қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекет құрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау екені сөзсіз.

Қорыта айтқанда қазіргі күнде республикамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі – бір кездері тағдырдың айдауымен келген жұрттың ұрпақтары. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның тең құқылы азаматта­ры ретінде өсіп-өніп, қазақ жерінде мәдениет, білім, ғылым, экономиканың дамуына үлес қосып, еңбекке арала­сып, еліміздің дамуына атсалысуда. Олардың тарихы бүгінгі қазақ елінің тарихымен тағдырлас болды. Бір ғасырға жуық қазақ халқымен бірге қуанышта да, қайғыда да бірге жасасып келе жатқаны даусыз.

Қадим СИСЕНҒАЛИЕВ,

Сарайшық ауылдық округі

ардагерлер кеңесінің төрағасы,

ҚХА аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT