Дерттен қорғанудың жалғыз жолы – екпе алу

«Спутник-V» вакцинасы 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды.

Вакцинация – вакцинаға бағынатын инфекцияға қарсы күресте тиімді, үнемді және қолжетімді жалғыз жол.

Ауданымызда коронавирус инфекциясы өте ауқымды қарқынмен тіркелуде. Маман ретінде аурудың бірден-бір алдын алу жолы – вакцина алу деп есептеймін. Пандемия басталғалы әлем ғалымдары ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керек екенін айтып келеді. Өйткені, халықтың басым бөлігі екпе алса, қазіргідей тез таралмайды. Сондықтан инфекцияның алдын алуда ұжымдық иммунитетті қалыптастыруымыз қажет, ол үшін аудан тұрғындарының көп бөлігі вакцинациялануы тиіс.

Қазір вирусты гепатит, дифтерия,сіреспе, көкжөтел, сал және қызылша сияқты көптеген жұқпалы аурулардан қорғайтын вакциналар бар. Бұл вакциналар жыл сайын миллиондаған адамның өмірін дерттен сақтайды. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да жұқпалы аурулардан қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы, жүкті әйелдер,емізуде баласы бар аналарға, 18 жасқа толмағандар, ауыр науқастарға белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар инфекция жұқтырып алмау үшін басқа адамдардың вакциналануына тәуелді.

Қазақстанда вакцинация ерікті түрде жасалады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес вакцинация егілушінің ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген.

«Спутник-V» вакцинасы 18 жасқа дейінгі балаларға ұсынылмайды. Вакцинаны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Иммундаудан кейін дене қызуының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болуы мүмкін. Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салуға медициналық тұрғыдан бас тартылады. Аллергиялық реакцияны алдын ала болжау мүмкін емес, себебі, әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақытылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде медициналық мекеменің қабырғасында медициналық бақылауда болуы керек. Одан әрі 3 күн бойы учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады. Вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласатын емханалардың телефон нөмірлері бар жадынама беріледі.

Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация жүргізер алдында дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру секілді дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Егер дене қызуы 37°C-тан асса, вакцинацияға рұқсат етілмейді.

Егілетін адам егуді жүргізу алдында санитариялық қағидаларға сәйкес жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды. Коронавирусқа қарсы вакцина 21 күндік аралықпен екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы нұсқаулықпен танысуға құқылы.

Егер адам екі кезеңнің арасында коронавируспен ауырса, вакцинаның екінші компонентін аурудан кейін 6 айдан соң жүргізуге болады. Егер вакцинация кезеңдері арасында адам ЖРВИ сияқты немесе басқа жұқпалы аурумен ауырса, онда екінші вакцинация біріншіден 21 күн өткен соң емес, сауығып, қалпына келгеннен кейін 2 аптадан кейін жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші вакцинация мен екінші вакцинацияға дейін адамдармен байланысты азайту және барлық алдын алу шараларын сақтау қажет екенін еске салады. Иммунитет біртіндеп дамиды, сондықтан осы кезеңдер арасында адам осал болады.

Әрбір адам сауатты болып, вакцинаның адам ағзасына өте пайдалы екендігін түсінуі тиіс. Вакцина алған адамдарда сырттан болған факторларға қарсы күресу қабілетіне иммунитеті жоғары болады. Осыны әрбір адам естен шығармауы керек. Сондықтан да өзімізді және жақындарымызды коронавирустық инфекциядан қорғау үшін сіздерді де вакцина алуға шақырамын.

Сара ҚАБАЗОВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT