Covid-19: Біз індетті бірлесіп жеңеміз!

Басымызға үйірілген қара бұлтты бірлесіп ыдырату біздің басты парызымыз екенін ұмытпасақ екен.

Бейбіт күнде берекетімізді алып, шуақты сәттеріміздің шырқын бұза келген індет ойламаған жерден жаны жайсаң жақсыларымызды арамыздан жұлып кетіп жатыр. Қаншама жерлесіміз бір жұтым ауаға зар болып өмір мен өлімнің арасындағы күй кешуде. Сауығып шығып, отбасыларына оралып жатқан ауылдастарымызды ғана көңілімізге медеу тұтудамыз. Індет қырғидай тиген дәл қазіргі уақытта үлкен күш пен жауапкершілік дәрігерлерге түсіп тұрғаны жасырын емес. Олай болса ауданымыздың ақ халатты абзал жандарының жағдайы қалай?

Аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Алмагүл Бекесованың айтуынша стационарда 4 дәрігер, 17 медбике науқастарға қызмет көрсетуде. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, ауру өршігеннен бері облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 140 көпреттік, 573 бір реттік қорғаныш киімдері берілген. Ал, талап бойынша әрбір дәрігер мен медбике қорғаныш костюмін 4 рет ауыстырып отыруы керек. Өкінішке орай, қорғаныш киімінің тапшылығы бұл талапты орындауға кедергісін келтіріп отырған жайы бар. Дәл қазіргі уақытта ауылдық округтердегі медицина қызметкерлерін айтпағанда, аудандық аурухананың өзінде артық тұрған киім жоқ деуге болады.

a

-Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ауруханаға қажетті қорғаныш костюмдері мен бетперделерге, қажетті дәрі-дәрмекке сұраныс жіберіп отырмыз. Алайда ешбір нәрсе толықтай, жеткілікті мөлшерде келіп жатқан жоқ. Қолымызда барымызбен амалдап, науқастарды қабылдап, ем-домын жасап жатырмыз. Жедел жәрдем шақырған науқастарға барған қызметкерлер, жағдайы ауыр адамдарды стационарға алып келеді. Өз аяғымен келген науқастардың арасынан да ауыр жағдайдағы адамдар ауруханаға жатқызылады. Ауруханада 10 кислород баллоны, 4 «Бобров» аппараты, 1 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Науқастардың саны күн өткен сайын артып жатқанын ескерсек бұл аппараттар аздық етуде. Әзірге осылармен алғашқы көмек көрсетудеміз. Реанимациялық көмекті қажет ететін адамдарды облыстық ауруханаға жібереміз. Аудан басындағы стационарда үш түйір жүректің соғысы мен өкпенің демалысын өлшейтін пульсоксиметр аппараты бар. Негізі бұл аппарат әрбір ауылдық округте болуы керек,– дейді Алмагүл Гайдарқызы.

Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша ауырған адамдар үйде жатып өз беттерінше ем қабылдауларына болмайды. Өздерінің учаскелік дәрігерлеріне хабарласып, онлаин кеңес алып, содан соң ғана дәрігердің айтқан емін қабылдауы керек. Әрбір участок бойынша тіркелген адамдардың 40 пайызы ауырып жатқанын ескерсек, әрбір науқасты барып қарауға дәрігерлер де, медбикелер де жетіспейтін көрінеді.

Аудандық короновирусқа қарсы штаб хатшысы Н.Бердіғалиевтің айтуынша аудандық әкімдік тарапынан жергілікті ауруханаға көмек ретінде 42 қолғап, 83 бір реттік қорғаныш костюмі, 9 респиратор, 341 бетперде, 6 көзілдірік, 2 «Бобров» аппараты берілген.

auruxana1779

Елдегі ахуалдың ауырлығы анық. Оның ішінде ауданымызда да жағдай көңіл көншітерліктей емес. Әр адамды аман алып қалу үшін күні-түні жұмыста жүрген дәрігерлеріміздің өздері вирус жұқтырып алмау үшін оларды қажетті құралдарымен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Вирустың құрығына түсіп жатқан ауылдастарымызға және оларға қызмет көрсетіп жүрген абзал жандарға қанатымен су сепкен қарлығаштай болып халықтың өзі де көмек қолын созып оттегі аппараттарын, қорғаныш костюмдерін, дәрі-дәрмектерін алып беруге жұмыстануда. Осы қайырымдылық шарасына Махамбеттің топырағында дүниеге келіп, өсіп-өніп, бүгінде шалғайда жүрген атақты тұлғаларымыз бен кәсіпкерлерімізде атсалысса нұр үстіне нұр болар еді.

Қиын-қыстау заманда қиналған ағайынға асарлатып қол ұшын созатын ата-бабаларымыздан қалған сара жолды жаңғыртып, басымызға үйірілген қара бұлтты бірлесіп ыдырату біздің басты парызымыз екенін ұмытпасақ екен.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT