Бракераждық комиссия туралы білесіз бе?

сурет ғаламтордан алынды

Мектеп асханаларында берілетін тегін тамақты тексеру комиссиясы барын білесіз бе? Білім беру ұйымдарына тамақ дайындау және тарату кезінде жеткізілетін өнімдердің сапасын және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды бақылауды жүзеге асыру мақсатында бракераждық комиссия құрылады және жұмыс істейді. Бракераждық комиссия мектеп директорының бұйрығымен оқу жылының басында тағайындалып, жыл бойы жұмыс жасайды. Оның құрамында кімдер болады? Комиссияның негізгі міндеттері мен құқықтары қандай? Осы туралы айтатын боламыз.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап елімізде 1,7 млн- нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 1,4 млн-ы бастауыш сы­нып оқушысы болса, 340 мыңнан астамы 5-11 сыныпта оқитын әлеуметтік осал топтар сана­тына кіреді.

Мектеп асханасындағы тамақтану мәселесі әлі де болса нақты бір жүйені талап етіп отырғаны жасырын емес. Таяуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларына жүргізілген жаппай мониторинг барысында 200-ден аса мек­тепте заңбұзушылықтар анықталғанын айтты. Ведомство басшысы білім беру ордаларының асханаларында тағамды дұрыс сақтамау, ас әзірлеудегі нормаларды ескермеу сияқты заңбұзушылықтар тіркелгенін жеткізді.

Жаңа оқу жылының басында Маңғыстау об­лысында мектеп оқушылары астан уланғаны ту­ралы ақпарат тарады. Олар білім ордасындағы асханада тегін ас ішкен. Оқушылардың жаппай улануынан кейін еліміздің барлық мектептерінде тексеріс басталды. Себебі, мектеп асханасындағы тамақтану улану фактілерінің бұл алғашқысы емес еді.

Осы оқиғадан кейін Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша санитариялық- эпидемиологиялық бақылау органдары өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, монито­ринг жүргізді.

Мониторинг нәтижесіне сәйкес “Бүгінде 6 382 мектеп асханасында (6 089 ас блогы және 293 буфет) мониторинг жүргізілді. Мониторингке білім беру, денсаулық сақтау органдарының, саяси партиялардың, мәслихаттардың, ата-ана­лар қоғамының, қамқоршылық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың және т.б. өкілдері тартылды. “Білім туралы” Заңның 48-бабына сәйкес тамақтану сапасын бақылау Денсаулық сақтау органдарына жүктеледі”, – делінген Inbuziness тілшісінің ресми сауалына жауапта.

Жалпы мектептердегі негізгі тамақ өнімдерінің ассортименті санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қалыптастырылады. Қазір білім беру ұйымдарындағы асханаларда тәтті тағамдарды, алкогольдік және энергетикалық сусындарды, фаст-фуд және осыларға ұқсас өзге де өнімдерді сатуға, беруге тыйым салынған. Әйтсе де бракераждық комиссия мүшелері түрлі заңбұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыс жасап жатыр.

Бракераждық комиссияның құрамына директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орын­басары, филиалдың медицина қызметкері, ас­хана әкімшісі және құрамында үш адамнан тұратын ата-аналар комитетінің өкілдері кіреді. Бракераждық комиссия мүшелерінің саны төрт адамнан кем болмауы тиіс. Комиссияны тағайындау кезінде оның құрамын жыл сайын жаңарту қағидаты сақталады.

Бракераждық комиссия тоқсанына 1 рет ди­ректор жанындағы кеңестерде асхана жұмысын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс ту­ралы есеп береді. Есепті директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары жасайды. Бұл есеп бракераж комиссиясының құрамына кіретін ата-аналар комитетінің өкілдері арқылы басқа ата-аналарға жеткізілуі керек.

Міндеттері қандай?

- тамақ өнімдерін тасымалдау, жеткізу және түсіру кезінде санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

- ас блогының (қойма және басқа да үй- жайларды қоса алғанда) және тамақтану залының санитарлық жағдайын, ыдыс-аяқты жинау сапасы мен сапасын, жай-күйін және жу­ылуын бақылауды жүзеге асырады;

- күн сайын ас мәзірінің дұрыс жасалуын қадағалайды;

- ас блогындағы жұмыстың ұйымдастырылуын бақылайды;

- түсетін шикізатты қабылдауды, сақтау шарт­тарын, өткізу, пайдалану мерзімдерін, аспаздық өңдеуді, тамақ өнімдерін дайындау технология­сын бақылауды жүзеге асырады;

- негізгі тамақ заттарындағы оқушылардың физиологиялық қажеттіліктеріне тамақтың сәйкестігін тексереді;

- ас блогы қызметкерлерінің жеке гигиена ережелерін сақтауын бақылайды;

- негізгі азық-түліктерді салу кезінде мезгіл- мезгіл қатысады, тағамның шығуын тексереді;

- дайындалған тамақтану көлемінің бір реттік порция көлеміне және балалар санына сәйкестігін тексереді.

Құқыңыз сақталып жүр ме?

Комиссия құрамындағы адамдар мектеп асханасындағы ыдыста таңбалаудың болуы­нан бастап, тәуліктік сынаманы, тамақ дай­ындау процесінің технологиялық карталарға сәйкестігін, келіп түсетін өнімнің санын, он күндік мәзірдің әртүрлілігін және сақталуын, тамақ өнімдерін сақтау ережелерінің сақталуын тексере алады. Сонымен қатар, әкімшіліктің қарауына тамақтану сапасын жақсарту және қызмет көрсету мәдениетін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізе алады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Се­нат депутаты Нұртөре Жүсіп:

«Ыбырай Алтынсариннің бір еңбегінде мек­теп оқушыларының міндетті рационына қымыз, айран және өзге де ашытылған сүт өнімдері енгізілгені айтылады. Жуырда депутаттық са­пар аясында Алматы облысы Ақтерек ауы­лында болып, жергілікті тұрғындар өндірген айран, қаймақ және өзге де сүт өнімдері күн сайын ондағы мектептер мен балабақшаларға жеткізілетінін байқадым. Бұл қадам кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, балаларды табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бәлкім, осындай шараларды ұлттық тамақтану стандарттарына енгізген жөн бо­лар. Себебі бүгінде балалардың көбісі ай­ран мен сүт ішпейтінін, қаймақ жемейтінін, оның орнына тәтті су, кептірілген нан немесе чипсы сияқты әртүрлі зиянды тағамдарды ұнататынын байқаймын. Сонымен қатар, мектеп мәзіріне қазақ ұлттық тағамдарын қосу керек», – деп мектеп асханаларындағы тамақтандыру тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынған еді. Ал жуырда Оқу-ағарту министрлігі ашық дереккөздердің біріне «мектеп асханаларында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес білім алушылардың жас ерекшеліктеріне, тамақтану объектісінің түріне, технологиялық жабдықтармен жарақтандырылуына қарай, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен отандық өнім ассортиментін ескере отырып дұрыс тамақтану рационы қалыптастырылады» деп жауап беріпті. Демек, депутат айтқан ұсыныс болашақта мектеп асханаларындағы ас мәзіріне өзгеріс әкелмек. Ал, мектептердегі бракераждық ко­миссия мен әлеуметтік педагогтар тамақ са­пасы мен қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарын жалғастыра береді. Әлеуметтік желіде ата- аналардың мектеп, балабақша асханаларына баса көктеп кіріп, заңсыз фото, видеоға түсірген жазбалары тарап жатады. Бірақ, бұл өрескел заңбұзушылық екенін бірі білсе, бірі білмес. Елімізде кәсіпкерлерге салынған мораторийден бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей тамақ сапа­сын бақылайтын арнайы мамандар мен комис­сия құрылған. Егер балаңыздан асхана тамағына қатысты қандай да бір шағым түссе, мектеп ди­ректорына немесе баркераждық комиссияға ескертуге құқылысыз.

А. САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT