Қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесіндегі билер соты қазақ қоғамын басқару жүйесіндегі биліктің бір нысаны түрінде көрініс тапты.
Билер қазақ қоғамында ру басы, судья, жергілікті әкімшілік биліктің өкілі ретінде саяси-әлеуметтік, әкімшілік, соттық-құқықтық қызметтерді жүзеге асырды. Негізінен олардың қызметі қоғамда болып жатқан дау-даламайларды шешу болды. Би атағына ие болу үшін билер қазақ халқы алдында туа біткен дарындылығымен, шешендігімен, қазақтың әдет заңын, салт-дәстүрін бес саусақтай білетіндігімен, ойлылығымен көзге түскен елден озған, әділетті жақтаушылар болған. Билер ерте замандарда пайда болып, халқымыздың тарихында белгілі бір даму кезеңдерін басынан кешірді. Олардың атқарған қызметі, ой-пікірлері, соттық қағидалары, шығарған шешімдері мен үкімдері қазіргі ұрпаққа өшпес мұра ретінде жетіп отыр.
Дәстүрлі билер соты қылмыстық, мүліктік, ішкі отбасылық тәртіп бұзушылықтар мен қылмыс түрлерін қарап, қоғамның құқықтық өмірін ретке келтіріп отырған. Қазақ қоғамында билер ешқашан сайланып та, тағайындалып та қойылмаған. Би лауазымына бекіту деген атымен болмаған. Би қызметі атадан - балаға мұра болып қалмайтын. Би болатын адамның бойы- нан бірнеше қасиет табылуы тиіс еді. Би біріншіден, қазақтың дәстүрлі әдет құқығын жете білуге міндетті. Мәселен, ол «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», «Тәуке ханның жеті жарғысын» жатқа білуі керек. Екіншіден, би атағынан үміткердің шешендік өнер мен аталы сөзді жақсы меңгеруі қажет. Үшіншіден, барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын әділ болуы шарт. Ондай билердің атақ-даңқы жөніндегі хабар дала тұрғындары арасына тез таралатын. Кейде билердің баласы да өзінің бойындағы қасиеттеріне қарай би бола алатын. Өзінің беделіне дақ түсірген би сот ісіне араласу құқынан айырылады. Дала тұрғындары өзіне жүгінуін тоқтатқан кезден бас- тап ол би аталудан қалады. Өз ұлының бойында би боларлық қасиеттері бар екенін байқаған ата-ана оның дүниеге көзқарасын дұрыс қалыптастырудың амалын қарастырған. Оны жас кезінен атақты билердің нөкерлері қатарына қосуға тырысқан. Сөйтіп, бала жастайынан далалық сот билігінің небір нәзік тұстарын меңгеруге ден қоятын. Болашақта би болудан үміткер бала қылмыстық істер қаралатын сот процесіне үнемі қатысып отырған. Сот процесі шағымданушының тілегі немесе хан мен сұлтан, старшындардың тапсыруы бойынша басталады. Дәстүрге сай ежелгі салт-жоралар қатаң сақталды. Мәселен, белгілі бір бидің билік жүргізуін таңдау үшін сотқа қатысушылар оның алдында қамшы тастайтын. Билер соты әдеттегі ұсақ тәртіп бұзушылықтан бастап, ең ауыр қылмыс саналатын кісі өлтіруге дейінгі қылмыстық істерді қарастырды. Билер соты дауға әділ билік айту принципі бойынша жүргізілетін. Қазақ халқы үшін бітімгершілік-билік айтудың ең озық өнегесі. Дала билігінің дара тұлғалары-Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған даналар ел арасындағы кез келген дау-даламайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға баса назар аударған.
Осыған орай Елбасы өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында тәуелсіз мемлекетіміздің әр саласында жүргізілетін маңызды реформалар туралы айқындады. Соның бірі-сот саласына қатысты. Бүгінде сотпен қаралуға жататын дау-даламайларды азайту мәселесіне аса назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын одан әрі қарқынды дамытуды тапсырған. Бұл қызмет ежелден келе жатқан Билер институтының жалғасы. Қазақ билері- ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен елдегі кез келген даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешімін тауып отырған. Қазақ халқы үшін бітімгершілік-билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт.
А.ЕРГАЗИЕВА,
аудандық соттың судьясы.