Биіктікті бағындырған Бекарыс

Ол Бейбарыс ауылында 2002 жылы өмірге келген. Киелі қара шаңырақтағы алты баланың ең кенжесі. «Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшесі ретінде талай қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүр.

Мектепішілік көркемсөз байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Жарық жұлдыздай өнерде де, спортта да көпке танымал болып үлгерген Бекарыс Сәкес Бейбарыс ауылындағы Чкалов атындағы орта мектептің оқушысы. Ол сабаққа өте алғыр, есепке жүйрік, математикадан тіпті алдына жан салған емес. Салтанатты жиындардың кәсіби жүргізушісіндей көпке танылып үлгерді. «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар «Мен елімнің патриотымын!» аудандық байқауында І орынды иемденді. Бекарыс халықаралық «Жадыра, жас дарын!» байқауынан «Алғыс хат» алса, облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің О.Бөкей атындағы байқауынан «Бас жүлдеге» ие болып, республикалық байқауға жолдама алды. Сегіз қырлы, бір сырлы Бекарыс спорт десе, жанын салып, аудан, облыс көлеміне жақсы танымал спортшы. Оған спорттан алған бірнеше дипломдар мен медальдар куә. 2018 жылдың сәуір айында өткен президенттік көпсайыста аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы.

Бекарыс көпшіл, ізетті, инабатты, қайырымды, бауырмал, достары көп бала. Оның көркемсөз өнеріне жақын болуына ағасы Нұрсұлтанның ықпалы тиген көрінеді. Ағасы Нұрсұлтан да облыстық О.Бөкей атындағы байқаудың жеңімпазы болды. Облыстық байқауда Бекарыс Сәкес ерекше дауыс ырғағымен, сахна мәдениетімен, шығарма таңдауда сауаттылығымен танылып, ерекшеленді. Чкалов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алмагүл Жүнісованың да Бекарыс үшін маңызы зор. Шәкіртінің байқауларға қатысуы үшін біраз тер төкті, үлкен сайыстарға дайындай білді. Оны аудандық, облыстық байқауларға дайындаған аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссері Элеонора Табылдықызына да дән риза.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT