Бес жылдық жобаның бүгінгі белесі

ЕЛІМІЗДЕ ҚАШАНДА КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙТІН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ – ЭКОЛОГИЯ ТАҚЫРЫБЫ. ХАЛЫҚ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ӨМІР СҮРУ ОРТАСЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУ БАҒЫТЫНДА ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАСЫМЕН «ЖАСЫЛ ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ӘЗІРЛЕНІП, ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГЕН БОЛАТЫН. 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА 4 БАҒЫТТЫ, 11 МІНДЕТТІ ҚАМТИДЫ.

Ұлттық жобаны әзірлеу мақсаты – ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың экологиялық санасын жаңғырту. «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты негізі төрт бағытта жұмыс жасайды.

Ұлттық жобаның бастапқы бағыты еліміздегі негізгі экологиялық мәселелерді шешуді көздейді. Оның ішінде атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сынды мәселелерге басымдық беріледі.

«Үнемді Қазақстан» деп аталатын екінші бағытта табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылмақ. «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструк­циялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қосымша суару көздерін құру үшін көптеген елді мекендерде 10-ға жуық жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Одан бөлек, өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін арт­тыру жүктелген.

Үшінші бағытта биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту міндеті қойылған. Яғни сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру ша­раларын іске асыруға бағытталған.

Ұлттық жобаның ең соңғы бағыты халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ, қолайлы экологиялық орта қалыптастыру, қалдықтарды өңдеу мен жою мен полигон­дарды талаптарға сәйкестендіру шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нау­рыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Аты­рау өңіріндегі экология мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

- ...Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Об­лыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін та­буы керек. Қазір осыған байланысты нақты жұмыс атқарылып жатыр. Үкіметке және об­лыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады, - деген болатын.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап Атыраудың өндірісі де қарқынды дамып келе жатыр. Басты мәселе - іске қосылып жатқан компаниялардың табиғатқа, жалпы экологияға әсері. Зауыттар мен өндіріс орын­дарынан ауаға түрлі зиянды қалдықтардың бөлінуі ең алдымен қоғамға, соның ішінде адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Ал сол зиянды дүниелерді сіңіретін жа­сыл желекке оранған орман алқабы десек, өкінішке орай оның көлемі бізде өте аз. Мамандардың айтуынша, 1 гектар орман жылына 10 тоннадай көмірқышқыл газын сіңіреді. Жер көлемі жағынан 64-орында тұрған Финляндия жерінің 80 пайызын ор­ман алып жатыр. Ал жер көлемі жөнінен 9-орында тұрған Қазақстанда бұл көрсеткіш – 4,6 пайыз-ақ.

Мемлекет басшысы осыдан төрт жыл бұрын орман алқаптарында 2 млрд, ал елді мекендер аумағында 15 млн түп ағаш егуді тапсырған. Ал, бұл меже 2025 жылға дейін бағындырылуы тиіс еді.

- Менің тапсырмаммен 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орын­дарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады, - деген болатын.

Президенттің бұл тапсырмасына тікелей жауапты Экология және табиғи ресур­стар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 340 млн шыбық отырғызылған. Бұл былтыр егілуі тиіс ағаштың 73 пай­ызы ғана. Министрліктің наурыз айында өткен кеңейтілген алқа отырысы бары­сында вице-министр Нұркен Шарбиев жо­спарды орындамаған аймақтарды атап өтті. Олардың қатарында Павлодар облысының әкімдігі жоспарда көрсетілген ағаштың тек 5 пайызын ғана отырғызған. Қарағанды облы­сында егілуі тиіс жасыл желектің 12 пайызы ғана егілген. Қостанайлықтар да жоспардың жартысын орындамағаны белгілі болды. Сонымен қатар, Президенттің тапсырма­сына салғырт қарағандар қатарында Ақтөбе, Қызылорда мен Ақмола облыстары да бар. Тіпті орман алқаптарын сақтап, қорғауға, оны көбейтуге бірден-бір жауапты мекеме­лер де міндетіне жүрдім-бардым қарағанға ұқсайды. Мәселен, «Семей орманы», «Бу­рабай» табиғи паркі және «Жасыл аймақ» кәсіпорны сынды мекемелер де жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеген. Ал, жауаптылар жоспарды орындау үшін қаражат жеткіліксіз болғанын алға тартады. 2025 жылға дейін 1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу керек. Алайда, 2021 жылдан бері бұл жұмыстың жартысы ғана тындырылды. Барлығы 545 000 гектар жерге сексеуіл егілді.

Ал, Махамбет ауданы бойынша орман қорының жері - 12 430 гектарды алып жатыр. Оның ішінде орман басқан жер 8 224 гектар, ормансыз жер 4 206 га. Орманшылардың қазіргі таңдағы жұмысы жөнінде білу үшін «Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандарымен теле­фон арқылы байланыстық.

- Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабына 2 миллиард, елді ме­кендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді»- деп өңір басшыларына ағаш отырғызуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты мекемеде 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жасақталып, ор­ман толықтыру мен орман өсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекеме бойынша ор­ман қоры жерінде негізінен шаған, үйеңкі, қарағаш, жиде, сексеуіл, тал, жыңғыл ағаш көшеттері бар. 2023 жылы 100 гектар жерге 447 000 дана орман екпелері егілді. Күтіп- баптау жұмыстары жүргізілді. 2024 жылға 60 гектар жерге 268 200 дана орман екпелері егілді. Алайда қазіргі уақытта ауданымызға өр суының мол келуіне байланысты, орман қорының көптеген жерлерін су басты, соның ішінде уақытша тұқымбақтарды (питомник) су басып, атқарылатын жұмыстар уақытша тоқтап тұр, - дейді «Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ме­кеме» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Е.Түсіпқалиев.

«ТАБИҒАТСЫЗ АДАМЗАТТЫҢ КҮНІ ЖОҚ, ОНЫ АЙТУҒА ТАБИҒАТТЫҢ ТІЛІ ЖОҚ» ДЕП ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫНДА АЙТЫЛҒАНДАЙ, ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН АЙНАЛАМЫЗДЫҢ, АУАМЫЗДЫҢ, СУЫМЫЗДЫҢ ТАЗА БОЛУЫ ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗДЕН БАСТА­ЛАДЫ. ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – ТЕК МЕМЛЕКЕТТІҢ ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ АДАМЗАТТЫҢ МІНДЕТІ ЕКЕНІН ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT