Берік Уәли: Ауыр жыл болғанымен, ауқымды іс атқарылды

Бүкіл әлемнің тынысын тарылтып, өкпесін қабындырған биылғы жылдың да жал-құйрығы күзелетін кезге келдік.

Ел де, елге тұтқа азаматтар да үлкен сынақтан өтті. Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет кезінде мемлекет нақты қандай әрекет жасады? Президент қандай шешімдер қабылдады? Осындай күрделі, қиын-қыстау кезеңде атқарылған жұмыстардың жай-жапсары, ауқымы жайында Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұхбаттасқан едік.

– Берік Уәлиұлы, биыл адамзат баласы ең қатерлі індетпен күрескен қауіпті жыл ретінде тарихта қалайын деп тұр. Коронавирус жекелеген адамдардың тұрмыс-тіршілігі түгілі, тұтас мемлекеттердің дамуына кері әсер етіп, әлемді саяси және экономикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Президент пандемияға қарсы күресте қандай бағыттарға басымдық берді?

– Расында, бұл жыл тұтас адамзатты тығырыққа тіреген, жер-жаһанды бір тарының қауызына сыйдырып жібергендей әбігерге түсірген, өте бір ауыр жыл болды. Адамзат көзге көрінбейтін «жаумен» алысып, майдан даласында онымен қалай күресерін білмей, біраз абдырады. Сондықтан 2020 жыл әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен дертпен күресте біздің мемлекет те ұтымды шешім қабылдай алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізіп, алғашқы толқынның алдын алғаны сөзімізге дәлел бола алады. Мемлекет басшысы індеттің салдары ауыр болатынын, онымен қатаң тәртіп арқылы күреспесе болмайтынын алғашқылардың бірі болып айтып, соған сәйкес тиісті шаралар қабылдады. Солайша, дер кезінде қатаң карантин жарияланып, сақтық шараларын сақтаудың арқасында эпидемияның белең алуына жол берілмеді. Мемлекет басшысы өз жұмысында халықтың денсаулығын қорғау, экономиканың тұрақтылығы мен даму қарқынын сақтау, білім беру салаларын басты назарда ұстады. Соған сәйкес маңызды шешімдер жедел қабылданып, оны жүзеге асыруды Үкімет пен әкімдерге жүктеп, нәтижесін жіті қадағалап отырды. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізді. Соның арқасында еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алды. Сонымен қатар халық тұрмысына тікелей әсер ететін коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алды. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қара¬жат бөлінді. Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деуге болады. Ең алдымен, банктер кәсіп¬кер-лерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін 3 айға шегерді. Табысынан айырылған азаматтар үшін бұл үлкен көмек болды.

Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің 19 мамырда өткен отырысы естеріңізде болар. Сол кезде «2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасы ұсынылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған құжатқа ұлттық мүддеміз тұрғысынан қарап, оның кейбір бөлімдерін қайта пысықтап, әлі де ширата түсу керек екенін айтты. Мемлекет басшысы құжаттың Одаққа мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қамтуы керек екенін жеткізді. Бұл тұрғыда Қазақстанның түбегейлі ұстанымы Одақты «саясаттандырмау» екенін атап өтті. Мемлекет басшысының биылғы жұмыс кестесіндегі маңызды шараларға да тоқталып кетейік. Мысалы, Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Президенті мамыр айында БҰҰ-ның «COVID-19 дәуірінде және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейдегі онлайн іс-шарасына қатысты. Әлемдік деңгейдегі тағы бір маңызды шара ретінде Мемлекет басшысының қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жұмысына қатысуын айтуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде COVID-19 індеті салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы қабылдануға тиісті шараларды атай келіп, Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын ұсынды. Осы ретте Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында ашуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесінің өзектілігіне тоқталып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөнінде ұсыныс жасады. Шетелдік көшбасшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларға оң бағасын беріп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қою туралы Мемлекет басшысының шешімі жоғары бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен ұлттық дипломатия елдің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сыртқы саяси бағытының дербестігін сақтай отырып, өзгермелі құбылыстарға тез бейімделді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзінің беделін Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық жүйесінде және Орталық Азия өңіріндегі жетекші мемлекет ретінде нығайтты. Әрине COVID-19 індетінің қатал сынақтары қазақстандық дипломатияның алдына жаңа міндеттер қоюда. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің негізін қалаушылардың бірі ретінде Мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі жаңа әлемдегі ұлттық даму міндеттерін ескере отырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуды көздейді. 

Өңірлердегі жағдай Мемлекет басшысының үнемі бақылауында. Биыл Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар облысқа жұмыс сапарымен барды. Осы сапарлардың мәні мен маңызына тоқтала кетсеңіз.

– Әрине, Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл өңіріндегі ахуалды жіті бақылап отырады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен жердің тағдырына, халықтың тыныс-тіршілігіне әрдайым баса мән беретінін өздеріңіз де білесіздер. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бірдей көңіл бөліп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдайды, тиісті тапсырмалар береді. Биыл да ауыр жағдайға қарамастан 9 рет өңірлерге жұмыс сапарымен барды. Президент облыстарға жұмыс сапарын жоспарлағанда өңірлердегі қалыптасқан ахуалды өз көзімен көріп, індетке қарсы күресіп жатқан жұртшылықпен жүзбе-жүз кездесуді жөн көрді. Мемлекет басшысының өңірге арнайы жұмыс сапарымен келуі дағдарыс тауқыметін тартқан халыққа сенім беріп, еңселерінің түспеуіне ықпал етті деп ойлаймын. Мысалы, жыл басында Жамбыл облысына барды. Онда аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қана қоймай, Қордай ауданындағы жалпыға белгілі оқиғадан кейінгі атқарылған жұмыстардың барысын көрді. Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде өңірдегі көктемгі егін егу жұмыстарымен, ауыл шаруашылығын, оның ішінде егін және мал шаруашылығын дамыту жоспарымен танысты. Түркістан облысына жасаған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының ахуалымен, былтырғы Арыстағы жарылыстың салдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, өз көзімен көрді. Бұған қоса, бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды. Одан кейін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына барды. Бұл екі өңір елімізді астықпен қамтамасыз ететін негізгі облыстар екені мәлім. Қазіргідей дағдарыс жағдайында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі. Сонымен қатар ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту да – өзекті міндет. Осындай мәселелерді ұдайы назарда ұстаған Мемлекет басшысы аймақтарға арнайы барып, егістік алқаптарын аралап көрді. Ал Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанда ін-детпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлермен кездесті. Қаладағы медициналық-демографиялық ахуал мен COVID-19 індетіне қарсы күресу үшін қабылданған шараларды көрді. Өндіріс орындарын аралап, жасалған жұмыстарға оң бағасын берді. Биыл Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сынды біртуар тұлғаларымыздың мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде кеңінен аталып өтті.

Пандемия салдарынан жоспарланған іс-шаралардың дені онлайн режімде өткізілді. Дегенмен Мемлекет басшысы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған Семейдегі жиынға арнайы барып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Сонымен бірге Абай мен оның ұлдарына арналған «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысып, «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық кешенінде болды. Абайтанушы ғалымдармен кездесіп, келелі кеңес құрды. Сондай-ақ Абайдың кіндік қаны тамған киелі мекендегі атқарылған игі жұмыстармен танысты. Қараша айында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, жаңадан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны және бірқатар спорт нысандарын аралап көрді. Мемлекет басшысының бірқатар облысқа жұмыс сапарымен баруы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға, пандемия салдарымен күресуге және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстардың жүйелі орындалуына зор ықпал етті деуге болады.

Бұрынғы қалыпты өмір кезінде Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін жоспарға сәйкес қабылдап, атқарған жұмыстарының есебін алатын болса, биыл оларды жиі қабылдап, сәт сайын тапсырма беріп, жасалған жұмыстардың нәтижесін бақылады. Жалпы, Президент өзі жүктеген міндеттердің орындалуын бақылау мақсатында жыл ішінде Үкімет мүшелерімен, мемлекеттік органдардың, өңірлердің және басқа әртүрлі ұйымдардың басшыларымен 200-ден аса кездесу өткізді. Осы жақында Президент Ақордаға барлық әкімді жинап, кеңес өткізіп, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына баға беріп, халықты жұмыспен қамтуға, дағдарыс кезінде елдің тұрмыс жағдайын қалыпты ұстап тұруға қатысты нақты тапсырмалар берді. 

-Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікті үнемі бақылауда ұстайды. Әлеуметтік желілердегі парақшаларына көңіл бөледі. Біз Президенттің твит арқылы министрлерге, әкімдерге тапсырма беретінін білеміз. Осы тапсырмалар қаншалықты орындалады?

– Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын жариялағалы мемлекеттік органдар ашық болуға, елдің алдына көбірек шығуға тырысып жатыр деуге болады. Олар азаматтардың өтініштеріне жылдам жауап беріп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде тығыз байланыс орнатып жатыр. Президенттің баспасөз қызметі осы Тұжырымдаманы іске асыруда қандай рөл атқарады?

– Мемлекет басшысының аталған тұжырымдамасынан кейін мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашып, кейбірі жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөле бастады. Мұны халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс орнатудың озық үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкіл¬дерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау оңтайлана түсті. Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам қайраткерлерімен және ғалымдармен 23 кездесу өткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аталған тұжырымдаманың іске асырылуына, қоғаммен диалог орнатуға зор үлес қосып келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ, саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды. «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылданып, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға өзгертулер енгізілді. Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр. Сонымен қатар осы жылы Прези¬денттің 3 мақаласы, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құрал-дарына берген 7 сұхбаты жарияланды. Президенттің баспасөз қызметі барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардағы баспасөз қызметімен тығыз жұмыс істейді.

Баспасөз қызметі осылайша Тұжырымдама ғана емес, Президент бастамаларының, оның берген барлық тапсырмаларының, өзі атап көрсеткен түйткілді мәселелердің бұрмаланбай, елге түсінікті әрі дер кезінде жетуін қамтамасыз етеді. Осы ретте әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтың ой-пікірлерін, ұсыныстарын, талап-тілектерін саралап отырады. Баспасөз қызметі Президенттің айтқан келелі ойларын, тұжырымдарын, қанатты сөздерінен видеоүзінділер мен модульдер жасап, жұртшылыққа таратып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының апталық жұмысының қорытындысы бойынша бейнероликтер дайындалып, таратылуда. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметіне кіріскенде халыққа «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» деген басты үш ұстанымды негізге алатынын айтты. Осыған орай биылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 1 жылдық жұмысының қорытындысы ретінде «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деген атпен 4 томдық жинақ шығарды. Бұл Мемлекет басшысының бір жылда атқарған жұмысын бір жерге жинақтап, болашаққа аманаттау ниетінен туған игі іс деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Сөз орайы келгенде айта кетейін, биыл akorda.kz сайтында Мемлекет басшысының қызметі бойынша 442 ақпараттық хабарлама, Президенттің түрлі жиындарда сөйлеген сөздері мен үндеулерінен 25 ақпарат және Қазақстан халқына арналған 1 Жолдауы жарияланды. Осындай ақпараттың алаңына, жаңалықтың жаршысына айналған akorda.kz сайты алдағы жылдан бастап жаңарып, заманға лайықталып, жаңа дизайнмен шығатынын айтқан да абзал шығар.

– Жылдың соңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл көптен бері ғалымдардың да, жалпы зиялы қауымның да күткен саяси шешімі еді. Комиссияға артылған жүк белгілі, ал нәтижесі қандай болуы керек?

– Иә, бұл қазақ халқы үшін көптен күткен ақжолтай жаңалық болды. Себебі елімізде нәубет зардабын тартпаған отбасы жоқ. Өзіңіз айтқандай, ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де аталған мәселені көп уақыттан бері көтеріп келеді. Сондықтан Президенттің бұл шешімін бүкіл халық зор қуанышпен қабыл алды деп ойлаймын. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін, ашаршылық зобалаңы ел тарихында қасіретті кезең болғаны баршаға белгілі. Ғалымдарымыз қазақ даласында 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісінің болғанын айтады. Халқымыз бастан кешкен бұл тауқыметті жылдар ақтаңдақтар кезеңі деп аталып кетті. Сондықтан тарихи әділдікті қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы биылғы 30 мамырда үндеу жариялады.

Президент сол үндеуінде «Жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау баршамыздың перзенттік борышымыз» деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүргізілген жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде Президент Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 3 желтоқсанда оның алғашқы отырысы өткізілді. Мемлекеттік комиссия құрамында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық ететін Комиссияға 49 азамат мүше боп кірді. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Келер жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы айтулы мереке қарсаңында Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақстанның еркіндігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескен, сол үшін құрбан болған, зардап шеккен тұлғаларды мемлекеттік деңгейде ақтаудың мәні зор деп ойлаймыз. Комиссия қуғын-сүргін кезеңіне қатысты материалдарды жан-жақты әрі кешенді зерттеп, жазықсыз құрбан болған азаматтарды заңды және саяси тұрғыдан толық ақтайды деп сенеміз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521