Береке орта мектебінде бейбіт күннің батыры, қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органының қызметкері, полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевты еске алуға арналған «Ерлігім, елдігім-азаматтық міндетім» атты облыстық кеш өтті.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Нұрбақыт Басаров пен бірге қызмет еткен әріптесі, патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, аға лейтенанты Азамат Галламов Шалқар жөнінде сыр шертті.
Капитан Нұрбақыт Маратұлы Шалқардың ерлігі халықтың полицияға деген көзқарасын өзгертіп, имиджін көтергенін айтты.
Шалқардың алғашқы ұстазы Ұ.Мәженқызы шәкіртінің балалық шағын еске алды. Береке орта мектебінің оқушылары батыр ағаларына арнаған жыр жолдарын оқыды. Махамбет аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, капитан А.Байдосов пен тәрбие, идеологиялық және әскери патриоттық жұмыстар басқармасы бастығы, Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары міндетін уақытша атқарушы, капитан Ж.Сатыбалдиев Шалқарды еске алған мектебіне, әріптестеріне ризашылығын білдірді.
«Ақжелкен» шығармашылық орталығының «Елсана» руханият клубының өкілі О.Кенжеғалиев та лебізін білдірді. Атырау аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы С.Махамбетова орталық атынан Береке мектебінің директоры Л.Бахитоваға, АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы А.Капсаликоваға медаль тапсырды.
Кешті мектеп директоры Ләззат Бахитова қорытындылады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА