Баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына екі аптаға жуық уақыт қалды.
Өткен жолы алғалықтардың жазылу науқанын алғашқы болып ойдағыдай аяқтағанын жазған болатынбыз. Алғаның ізінше Бейбарыс ауылдық округінен де жақсы хабар жетті. Татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты ту еткен, ауданымыздағы ең көпұлтты ауыл болып саналатын бейбарыстықтар жоспар бойынша берілген меже 160 дана болса, «Жайық шұғыласын» 168 данаға асыра орындады.
Бейбарыс ауылының тұрғындары – аз ұлтты халықтардың басына төнген нәубет,қуғын-сүргін жылдарында жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін бауырларына басып, бір нанды бөле жеген кең пейіл халықтың ұрпағы. Бірлескен істе береке барын бір кісідей түсінетін бейбарыстықтар қашанда бірліктерінің мықтылығын білімдерімен де, өнерлерімен де дәлелдеп жүр. Бұл ауылдың ақылгөй ақсақалдарының әңгімелері, талантты жастарының туындылары, өнерпаздарының өнегелі өмірі, кәсіпкерлерінің табысты тірлігі туралы көптеген мақалалар газетімізде жарық көріп келеді. Газетке жазылу секілді жауапты кезеңде де үнемі алдыңғы қатардан көрінетін Бейбарыс ауылы бұл жолы жоспарды асыра орындап отыр. Бұл, әрине, ұйымшылдықтың ұйытқысы болып отырған ауыл әкімі Марат Сәрсенғаливтің еңбегі.
Ауыл әкімінің берген тапсырмасын бұлжытпай орындап, мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кесуге бір кісідей атсалысқан баспасөзге жауапты мамандардың маңдай тері. Ауыл халқының ауызбіршілігінің көрінісі. Жоспардың орындалуына жыл сайын үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қауымын да айтпай кетуге болмас. Аманжол Есқариев ағамыз бастаған жеке кәсіпкерлер Серік Ермағамбетов, Біржан Кенжебеков, Ерлан Комаров, Ақкенже Саташева, Мағауия Есқалиев, Алтынай Кенжеғалиева , Темірлан Қорғановтар ауылдың аз қамтылған отбасыларын тегін газетпен қамтуға жылма-жыл атсалысып келеді. Бірлігі мен берекесі жарасқан бейбарыстықтарға ризашылығымыз шексіз.
Редакция