Өткен жылғы ауыл әкімдерінің сайлауында «Nur Otan» партиясының атынан кандидаттыққа түсіп, басым дауыс жинап, әкімдік тізгінін қолына алған Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Тәттімбет Даулбаев халық алдында есеп берді.
«Проблемаларды айту оңай, бірақ жүйелеп жүзеге асыру ыждағаттылықты талап етеді»,-деген ауылы әкімінің есеп беру жиынына келген халықтың қарасы қалың болды. Жаңа мектеп мен әкімшілік ғимараты қажет Округке қарасты Бейбарыс, Талдыкөл, Аққайың ауылдары табиғи газбен қамтылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су тазарту қондырғылары жұмыс жасап тұр. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласында ілгерушілік байқалады. Жұмыспен қамту шаралары да жүйелі түрде атқарылуда, мысалы өткен жылы 80 адам жұмысқа орналасса, биылғы жылдың өзінде 54 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Тұрғындардың басым көпшілігі вахталық әдіспен жұмыс жасайды.
- Округімізде көптеген игілікті істер жүзеге асуда. Барлығы да кезең-кезеңімен орындалып келеді. Атқарылатын жұмыстардың алдыңғы қатарында А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебіне қосымша 120 орындық ғимарат пен ауылдық әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізу тұр. Мектепке жапсарлас ғимарат салу үшін жасақталған жобалық сметалық құжаттамасы негізінде сараптамалық қорытындыдан өткізілген. Сараптамалық қорытындының мерзімі 2022 жылдың шілде айында бітеді. Аудандық білім бөліміне бұл проблемалық мәселе жөнінде ескертілді. Аудандық білім бөлімі облыстық білім беру басқармасына хат жолдап, қазіргі уақытта жауап күтілуде. Ал 1982 жылы салынған әкімшілік ғимаратының тозығы жетіп, қабырғалары жарылуда. 2016 жылы эксперттік зерттеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстарына жатпайтыны туралы қорытындысы жасақталған. Жер телімі белгіленген, ЖСҚ жасақтауға сұраныс берілді,- деді ауыл әкімі.
Сонымен қатар, Бейбарыс ауылындағы ескі мектепті бұзу да жоспарлануда. Аталған нысанның техникалық күйіне 2020 жылы «БатысСтройИнжиниринг» ЖШС арқылы эксперттік зерттеу жұмыстары жүргізілген. Техникалық сараптама қорытындысында ғимараттың негізгі тіреуші құрылғылары жөндеу жұмыстарына жатпайтындықтан және жаңғырту және жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан мақсатсыз деп танылып, мектеп ғимаратын бұзуға ұйғарым шығарылған. «Балдырған» балабақшасы мен су тазарту қондырғысын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі туындауда. Балабақшаның жобалық-сметалық құжаты жасақталғанмен, сараптамадан өтпегендіктен сметалық құжаттарының мерзімі өткен жылдың қазан айында өтіп кеткен. Ал Бейбарыс ауылының халқына суды қалыпты жағдайда беру үшін су тазарту қондырғысы фильтрларының ішкі құрылғыларын ауыстыру жұмыстарына қаржы қаралуы маңызды болып тұр.
Талдыкөлдің кірме жолы «жыр» болды
Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылында да шешімін таппай жүрген мәселелер жетерлік. Ауылдың ойқыш-ойқыш болған кірме жолы біраздан бері талқыға түсіп, күрделі жөндеуге әбден сұранып-ақ келді. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, кірме жолдың құжаттары «ИнтерГазОрталықАзия» мекемесінің меншігінен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары меншігіне өткен. Бүгінгі күні жер актісі жасақталып, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ашық спорт алаңын салу да қаржыға келіп тіреледі. Жалпы жобалау-сметмалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өткен еді. Талдыкөл ауылындағы жаңа мөлтек ауданған екі жыл бұрын газ желісі жүргізілген болатын, алайда электр желісінің ЖСҚ-сы жасақталмауына байланысты электр желісімен қамту мүмкін болмай отыр. Осы мәселені шешуді, яғни ЖСҚ жасақтауға қаржы бөлу туралы аудан әкіміне сұраныс хат жолданған. Сондай-ақ, ауыл әкімі жаңадан салынған тұрғын үйлерге жақын маңдағы көшеден су тартуға қаржы бөлудің қажеттілігі барын атап кетті.
– Бұл ауылға жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт пен білікті дәрігер қажет. Аудандық орталық аурухана басшылығына сұраныс берілгенмен, екі жылдан бері осы мәселе шешімін таппай келеді. Дегенмен былтырдан бері фельдшер маманы жұмыс жасауда. ФАП бұрынғы ескі мектеп ғимаратында орналасқандықтан, материалдық-техникалық жағдайы сәйкес келмейді. Сондай-ақ, ауа-райының қолайсыз күндері жарық жиі өшіп тұрғындардың наразылығын тудыруда. Сондықтан Талдыкөл ауылындағы ескі үш транформаторды ауыстыру қажет. Бұл ауылдағы шешімін таппай тұрған мәселе мұнымен тоқтамайды. 2018 жылы Талдыкөл ауылының су тазарту қондырғысына фильтрларының ішкі құрылғылары ауыстырылған болатын. Кезекті фильтр ауыстыру мерзімі жеткен десек те, су тазарту қондырғысы күрделі жөндеуге сұранып-ақ тұр. Аққайың ауылына келсек, бұл ауылда көше шамдары мәселеге айналды. Бұл мәселені шешу үшін Бейбарыс ауылындағы бұрыннан қалған, қазір пайдаланбай тұрған көше шамдарын Аққайыңның көшелеріне орнату жоспарлануда,- дейді ауыл әкімі Т.Орынғалиұлы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ