Бүгін аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов өткізген кезекті «Ашық есік» күніне келген Алмалы ауылдық округіне қарасты «Энергетик» бау-бақшасының жетекшісі Тамара Титова мен бірнеше шаруагерлер аудан әкімінен араша сұрады.
«Энергетик» бау-бақшасының шаруагерлері Алмалы ауылдық округінің аумағында, Жайықтың жағасында көп жылдардан бері, егін егіп, бақша өсірумен айналысып келеді. Құрамына бірнеше шаруа қожалығы кіретін дачалық аумаққа Тамара Титова жетекшілік етеді. Шаруагерлердің айтуынша, олардың бау-бақшаларының жанынан шаруа қожалығы үшін жер сатып алған кәсіпкер Асқар Үмбеталиев шаруалардың бау-бақшасы өсіп тұрған жердің өзіне тиесілі екенін айтып, тіпті «бау-бақшаларыңды бульдозермен күреп, тып-типыл қыламын» деп қорқытқан да көрінеді. Мұндай жағдай орын алса, шаруалардың қанша жылдан бергі төгілген маңдай терлері зая кеткелі отыр. Оның үстіне бау-бақшаны қайта қалпына келтіру қыруар қаржыны талап етеді. Екі тараптың дауласуына бау-бақшаға насос арқылы айдалатын су қысымының төмендігінің салдарынан, егіндеріне су жетіспеуі де себеп болуда. Егер кәсіпкер дегенін жасап, жолды жауып тастайтын болса, шаруалар бау-бақшаларына бара алмай қалатын түрі бар. Бір қызығы, екі тараптың да қолдарында заңды құжаттары бар. Бар мәселе екі аумақтың арасында қалдырылуға тиісті 6 метр жерде болып отыр. Кезінде жер беруші құзырлы орындардың тарапынан кеткен кемшіліктің салдарынан бүгінде қарапайым шаруалар зардап шегуде.
Шаруалардың мұңын мұқият тыңдаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы екі тараптың арасындағы дау ортақ мәмілеге келу арқылы ғана шешілетінін айтты. Егер тіл табысу мүмкін болмаған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы екендерін түсіндірді. Бұл даудың нүктесін тек сот ғана қоя алатынын жеткізді. Ал, кәсіпкер А.Үмбеталиевтің тарапынан айтылған «бау-бақшаны бульдозермен күреймін» деген мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы Азамат Мұратұлына, қарамағындағы ішкі істер бөлімі қызметкерлерін жұмылдырып, жиі рейд ұйымдастырып, түсінік жұмыстарын жүргізіп, аталған оқиғаның орын алуына жол бермеуді тапсырды. Аудан әкімі мен бөлім басшыларының қабылдауына келген өзге де тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жер, жұмыс мәселелері бойынша мұқтаждықтарын жеткізді.
Аудан әкімі мен бөлім басшылары сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы қойылған онлаин сауалдарға жауап берді.
Естеріңізге сала кетсек, облыс басшысы Н.Ноғаевтың тапсырмасына орай әр айдың соңғы жұмасында әкімдер бастап, бөлім басшылары қоштап, халықтың мұңы мен мұқтаждығын тыңдау үшін «Ашық есік» күнін өткізу дәстүрге айнала бастаған болатын.
Б.Сүйеуова