Ауданымызда коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны көбейіп, аурудың асқынып бара жатқаны белгілі.
Осы бағытта сақтық шараларын күшейтіп, ауылдағы әлеуметтік нысандарды, көшелерді дезинфекциялау жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның ішінде мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, балабақша, су тазарту қондырғысы, балалар ойын алаңы және дүкендер залалсыздандырылуда.
Төтенше жағдай бойынша құрылған аудандық жедел штабтың хатшысы Нұрболат Бердіғалиевтың айтуынша, әрқайсысы 25 литр болатын қышқылдық дезинфекцялық сұйықтық барлық округ әкімдіктерге берілген.
- Тоғыз ауылдық округке барлығы 225 литр (әрқайсысы 25 л) дезинфекциялық ерітінді және жеке қорғаныс жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта әлеуметтік маңыздағы мекемелердің аумақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Дезинфекциялық жұмыстарға ауылдық округтерден белгіленген 25 адам және «Гумаров» жеке кәсіпкерлігі, «Профдезинфекция» ЖШС келісім шарт негізінде үлестерін қосуда,- дейді штаб хатшысы.
Әлеуметтік желіде белсенділік танытып, жұмыстарын күнделікті Facebook желісіне жариялап отырған Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратына хабарласқанбыз.
- Дезинфекциялық жұмыстарды жүргізе бастадық. Аудан әкімдігі ауылдық округтерді залаласыздандыру жұмыстарын қажетті құралдармен, арнайы киіммен қамтамасыз етіп отыр. Аурудың өршуіне байланысты тұрғындардан карантиндік шектеулерге бағынып, той-садақаға, адамның шоғыры көп жерлерге бармауды, аса қажеттілік болмаса, сыртқа шықпауларыңызды сұраймыз, - дейді ауылы әкімі Ғ.Мырзағали.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ