Банкоматтың алдында тәртіп орнатылды

Кеше зейнетақы мен жәрдемақы қатар түскен күні аудан орталығындағы Халық банкі мен Қазпоштаның алды банкоматқа жиналған халыққа лық толғанын жазған болатынбыз.

Аудандық әкімдік пен полиция бөлімі қызметкерлері, Халық банкі мамандары бірлесіп түсінік жұмысын жүргізгеніне қарамастан , бір ай бойы күткен ақшасын тезірек алып, одан соң аудан басынан керек-жарағын түгендеп, кейін үйлеріне қайтуды ойлап тұрған ауыл тұрғындарына ара-қашықтықты сақтату қиындық тудырған еді. Дегенмен жұмыла жасалған жұмыстың арқасында халық біртіндеп сабырға келіп, саябырсыды.

Бүгін түсінік жұмыстарының өз нәтижесін бергені айтарлықтай көрінді. Банкоматтың алдында тәртіп орнатылды. Тұрғындар ара қашықтықты сақтап, бірінің үстіне бірі ентелемей, ақшаларын кезекпен кезек алып жатқанына куә болдық.

Жерлестерімізге айтарымыз елімізге келген бұл індет жеңіл-желпі қарайтын ауру емес екенін түсіну қажет. Мысықтабандап облыс орталығына кіріп алған вирус, ауданға кірмейді деп арқаны кеңге салуға болмайды. Оның үстіне біздің аудан қалаға ең жақын орналасқаны тағы бар. Ел бойынша төтенше жағдай бекерден бекер жарияланып, қалалар қарадан қарап карантинге жабылып жатпағанын терең түсінудің маңызы зор.

Еліміздің экономикасы дағдарысқа ұшырап жатса да, мемлекет халық үшін көп қолдау көрсетуде. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтап қалмай уақытында түсіп жатыр. Банкоматқа келіп түскен ақша ешқайда кетпейді. Сіздерден талап етіліп тұрғаны тек, бір-біріңізден алыс тұрып, кезек арқылы ақшаларыңызды алу ғана. Жаман айтпай жақсы жоқ, ауданымыздан бір адамнан аты жаман ауру табылатын болса, сол бір адамның айналасындағы 100 адамға қатер төнеді. Ол жүз адамның айналасында 1000 адам, 1000 адамның айналасында 10000 адам бар екенін естен шығармайық. Айналдырған 30 000 тұрғын, бір-біріміздің амандығымыз үшін, тәртіпке бағынып, тазалықты сақтап, жұдырықтай жұмылып, індетпен күресуге атсалысайық.

Аман болыңыздар, ағайын!

Баян Сүйеуова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT