Балық шабақтан өседі

Фото: zh-shugylasy.kz

«Теңіз жүрегі» жобасының 100-ден астам еріктісі Махамбет ауданында өткен балық шабақтарын құтқару бойынша эко-акцияға қатысты. Іс-шара аудандық балық инспекциясымен бірлесіп өтті. Акцияның мақсаты – Жайық өзенінің экожүйесін қолдау және шабақтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

«Атырау-Индер» тасжолының 43 шақырымы тұсындағы көктемгі өр суынан бөлінген су­дан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жоғары деңгейде өтті. Эко-акция аясында 10 мың балық шабағы Жайық өзеніне жіберілді. Еріктілер жайылма судан ау құралдарының көмегімен су астындағы балық шабақтарын сүзіп шығарды. Кейін арнайы ыдыстарға салып, тасы­малдау арқылы өзенге жіберді. Жалпы биылғы су тасқыны Атырау жұртын біраз әбігерге салған еді. Өр суының көп мөлшерде келуінің нәтижесінде балықтар уылдырық шаша алатын көптеген ұсақ су қоймалары пайда болды.

– Көктем мезгілінде өр суы келеді. Сол кезде балықтар келіп, өрістейді. Өрістеген балықтан шабақтар пайда болады. Сол шабақтарды жылдағыдай құтқару жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы судың келуі ерекше. Соның кесірінен су біраз жерге жайылды. Жайылған суда шабақтар да пайда болды. Бүгінгі шабақ құтқару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Табиғат жанашы­лары өз үлесін қосса, біраз балықты құтқаруға болады,- дейді аудандық балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Арман Аймағамбетов.

Бұл жобаға ерікті түрде қатысуға ниет білдірген Гауһар Жұбатырова отбасымен келіпті. Оның айтуынша, мұндай жұмыстар жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін тәрбиелеуге ықпал етеді.

– Мұндай шаралар Жайық өзені үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де маңызды. Волонтерлар тобымен бірге көлшікте қалып қойған балық шабақтарын аулап, өзенге жіберіп жатырмыз. Отбасымызбен осы жердеміз. Өзіме де, балама да ұнап жатыр. Кішкентай балық шабақтарын көрген балам қайта-қайта қызығып қарай береді. Осындай белсенді экологиялық акцияның өтіп жатқанына қуаныштымын, - дейді жоба еріктісі.

«Теңіз жүрегі» жобасының жетекшісі Рысты Жексенбаеваның сөзінше, мұндай шаралардың өтуі әрбір атыраулық азаматтың белсенділігін арттырып, табиғатқа жанашырлық сезімін оя­тады.

– Су қоймасының биоәртүрлілігін сақтауда шабақтар шешуші рөл атқарады және оларды құтқару аймақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтаудың маңызды қадамы болып табы­лады. Биыл Атырау облысына көктемгі өр суы көп мөлшерде келді. Өр суымен бірге кел­ген балықтар уылдырық шашып, кейін өзенге кеткенімен шабақтар жайылма суда қалып қойды. Сол себепті біздер, еріктілер болып бас қосып, 10 мыңға жуық шабақты құтқарып, өзенге жібердік. Осы орайда жобаға қолдау білдірген «Теңізшевройл» компаниясына, балық шаруашылығы мекемесіне және әрбір ерікті азаматқа алғысымызды білдіреміз,- дейді жоба жетекшісі.

Айта кетейік, «Теңіз жүрегі» жобасын «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры 2023 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде жоба аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша 100-ден астам қайырымдылық акциясы, экологиялық акция, білім беру-кәсіптік бағдарлау бағдарламалары ұйымдастырылды және Атырау, Құлсары қалаларында «Speaking club» тегін ағылшын тілі клубтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, еріктілер ТЖ кезінде су тасқынынан қорғау үшін жағалауды нығайту іс-шараларына белсенді қатысты.

Эко-акция аясында сенбілік ұйымдастырылып, қоқыс қалдықтары жиналды. Сонымен қатар, жоба жетекшілері акция қатысушыларының қауіпсіздігін қадағалаған жол полициясы, жедел жәрдем, балық инспекциясы қызметкерлеріне Алғыс хат табыстап, бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Балық шабақтарын құтқару жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғасады. 15 шілде күні «Атырау-Астрахань» тасжолы бойының 17-разъезд және Байшақа көпірі тұстарынан көктемгі өр суынан бөлінген жайылма сулардан уақ шабақтарын құтқару жұмыстары атқарды. Нәтижесінде 500 мың дана балық шабағы Жайық өзеніне жіберілді. Бұл жұмыстарға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен Махамбет, Теңіз, Дамбы балық инспекциясы бөлімдерінің қызметкерлері, «Қызыл балық», «КаспийРыбаЕвразия», «Тілекші», «Долгий», «Абылайхан» балық шаруашылығы субъектілері қатысты.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT