Жалпы ұлтты тәрбиелейтін-әйел-ана. Әйелдер- қазіргі қазақ қоғамының айнасы.
«Өнегелі дана жоқ жерде өнерлі бала да жоқ» деген тәмсіл бар. Өскелең ұрпаққа ылғи ізгілікті, игілікті істі көп көрсетсе ғана ол саналы, айтулы азамат болып ержетеді. Отбасында тәрбиелі ұрпақ өсіре жүріп, қызметте де жетістіктерге қол жеткізген аяулы аналар екені рас.
Сондай үлгілі қара шаңырақтың ұйытқысы сарытоғайлық Тілекші Гадилова жолдасы Ербол өмірден өткеннен бері бес перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға-шоқыттырмай, жалғыз өзі тәрбиелеп-өсіріп келеді. Тілекші отбасында тәрбиелі ұрпақ өсіре жүріп, қызметте де зор жетістіктерге қол жеткізген жан.
Жалпы ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған Тілекші Гадилова Сарытоғай ауылының тумасы. Осы ауылда өсіп-өніп, орта мектептен соң алғаш еңбек жолын сатушылықтан бастаған екен. Одан әрі Махамбет аудандық өкпе аурулар ауруханасында бірнеше жылдай жұмыс істеген көрінеді.
Тілекші 2000 жылы ауыл жігіті Ерболмен шаңырақ құрып, бес ұл-қызды өмірге әкеледі. Өнегелі отбасын ағайын-тума, ел-жұрт мақтап, әлі күнге дейін құрмет тұтады. Кезінде ауылдастары екеуіне, алтын асықтай балаларына сүйсіне қараушы еді.
-«Шаңырақ құрып, отбасы болған соң қуаныш пен қиындық қатар жүреді. Жолдасым Ербол екеуміз кез келген мәселені бір жеңнен- қол, бір жағадан- бас шығара отырып, шешетін едік. Міне, соның арқасында жанұямыз берік те мықты болып, тамыры тереңге жайылды»-дейді Тілекшінің өзі.
Жалпы адамның ең бірінші айқын мақсаты болуы керек. Мақсат-адамды адастырмайтын бағдаршам іспетті. Өрге ұмтылған сайын алдыңнан небір кедергілерге тап болуың заңдылық. Оның бәріне психологиялық тұрғыда дайын болып, алған бетіңнен қайтпай, қарсы жүре білуің керек. Өрге ешкім алқынбай, терлемей шыққан емес. Қолға алған істі ой елегінен өткізіп, оны жүзеге асыру жолдарын қарастыра отырып, алға ұмтылудан танбаған кез келген адам жетістіктің дәмін татпай қоймайды. Табысқа жету үшін уақыттың 80 пайызын іздену жасау жолына арнайтыны дәлелденген. Яғни жетістікке ұмтылған әр азамат талмай еңбектеніп, үздіксіз өзін-өзі дамытып отыру қажет. «Ер айнасы-еңбек» дегендей, маңдайы тершіп, іс тындырмағанның өнерін ешкім танымайды.
Қазақ халқы ержеткен ұл, бойжеткен қыздың ешбір жарғымен бекітілмеген халық әміршісінің өзі шығарған заңында аталған өз парызы бар. Ол- ана алдындағы құрмет, ата алдындағы қызмет. Қазіргі таңда замана ағымымен, батыс сарынына бой сарынына бой ұрған жастар арасында осы парыздарын орындамай жүргендер қаншама. Уыздай шағынан үйленген бойда бөлек кетудің амалын қарастыра бастайтын жас отбасыларға аналарын алақандарына салып, ардақтаған әулеттерді дәріптесек, несі айып?!
Өмірдің қиын сәттерін бастан кешірген Тілекші өзімен он бес жылдай тату-тәтті өмір сүрген жан жары Ерболдан қапыда айырылып қалады. Бұл-2015 жыл болатын. Қазақта «Орнында бар оңалар» демей ме. Балаға үміт арту-ата-ананың қарызы, ақтау-баланың парызы» деген бар. Бүгінде балалары ержетіп, екеуі арнаулы, жоғары оқу орнының студенті атанды. Тұңғышы - Медет Атырау агроколледжінде теміржолшы мамандығында оқыса, Гүлсезім Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырған, болашақ эколог маман. Екеуі мектепте оқыса, кенжесі «Балбөбек» бөбекжайында тәрбиеленуде. Атам қазақ «Ана сүтін ақтамағанды ешкім де мақтамайды» деген бар. Шүкір, ұрпағы тағылымды, көрегенді, білімді, зерек, зейінді болып өсіп келеді. Иә, «Адам ұрпағымен мың жасайды» демей ме?
А.Қуанышқалиева