Елімізде «Еңбек жолы» республикалық конкурсы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл конкурс жалпыға ортақ еңбек қоғамы» ұранымен еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға және өнімді еңбекті ынталандыруға ықпал етеді. Осы республикалық «Еңбек жолы» конкурсына ауданымыздан О.Шонаев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Төлегенова Анар Ұзақбайқызы қатысып отыр. Анар республикалық конкурсқа «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша қатысушы.
Жалпы Анар Ұзақбайқызы Атырау қаласында туған. Әкесі Ұзақбай Төлегенов мемлекеттік қызметтің ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы. Ұзақбай аға мамандығы мұғалім болса да аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы болып, қызмет атқарды. Анасы Үміт Кенжеғалиева ұлағатты ұстаз, бүгінде зейнеткерлікте.
Анар Төлегенова 1986 жылы Махамбет орта мектебін аяқтап, Атырау(Гурьев) педагогика институтына оқуға түсіп, оқу орнынан орыс тілі және әдебиеті пән мұғалімі мамандығын алып шыққан. Жоғары оқу орнын 1992 жылы аяқтаған соң Анар екі жылдай Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында жұмыс жасаса, 1993-1999 жылдары Индер ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ұстаздық еткен. О.Шонаев атындағы орта мектепте 1999 жылдан бері орыс тілі мен әдебиетінен дәріс беріп келеді. Еңбек өтілі 36 жылды құрапты.
-Қаршадайымыздан күні-түні еңбек еткен әке-шешемізді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы, елге ортақ іс деп бөлмеді, еш шаршап, қажымайтын. Бәрін абыроймен атқаратын. Егер еңбек бағаланса, не нәрсенің болса да сапасы артады. Еңбек адамы қай қоғамда, қай заманда да болған, бола береді де. Жұмысқа немқұрайлы қарау-табиғатыма жат дүние. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Тынбай еңбектеніп, тер төгудің арқасында көп нәрсе үйрендік. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ. Онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес. Елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Атақ-абырой, бақ-дәулет, толағай табыс өздігінен келе қоймайды. Бұл бірнеше жылдың жемісі, адал еңбектің нәтижесі. Расында да байлық та, бақыт та адал еңбектің, маңдай тердің арқасында келеді. Табыстың кілті-адамның ыстық ықыласы, ерік-жігерінің арқасында деп санаймын. Еңбек адамы-қоғамның қозғаушы күші, - дейді ұстаз.
Анар Ұзақбайқызы педагог-тәлімгер ретінде жас мұғалімдерге білгенін үйретіп келеді. Кәсіби қалыптасу мәселелері бойынша педагогтік ақыл-кеңестер береді. Сонымен қатар лауазымдық міндеттерін атқару кезінде пайдаланатын нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеуге, оқыту мәселелерімен де айналысады. Педагог кәсібін, сабақтарды сапалы өткізудің практикалық әдістері мен тәсілдерін меңгеруге мектепте тоқсан сайын коучингтер ұйымдастырады. Тәлімгер ұстаздар үнемі білім беру процесін ұйымдастыруда оқытудың белсенді нысандары мен әдістерін қолдану мақсатында жас педагогпен кәсіби әңгімелесу өткізіп отырады. Жас маманның теориялық білімділігін практикамен ұштастырып, кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында шеберлік сабақтарын өткізеді. Соның нәтижесінде О.Шонаев атындағы орта мектепте жас ұстаздардың үздіксіз білім берудегі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, әртүрлі қиындық келтіретін мәселелерді шешу амалдарын көрсету, қиындықтардан өтуіне көмек беру үзіліссіз жолға қойылды. Озық тәжірибелермен танысып, жаңа технологияларды үйреніп, практикада қолдануға ықпал ету мақсатында жас мамандардың үнемі сабақтарға қатысуы қадағаланады.
-Шығармашылық ізденіске баулу мақсатында жас мұғалімдер желтоқсан-қаңтар айларында ашық сабақтар берді. Бұл іс-шараның басты мақсаты- жас маманның теориялық білім-білігін практикамен ұштастырып, кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпал ету. Жас мұғалімдердің үздіксіз білім берудегі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, әртүрлі қиындық келтіретін мәселелерді шешу амалдарын көрсету, қиындықтардан өтуіне көмек беру- мектеп әкімшілігі басты назарында ұстады. Әр маман өз білімін шыңдау үшін үнемі ізденісте болу керек. Сондықтан әр жас маманның тәжірибе жинақтау үшін арнайы өз портфолиосы, жас мамандар үнемі тәжірибесі мол ұстаздармен тығыз байланыста болу керек. Жас мамандар тәжірибелі ұстаздардың сабағына үнемі қатысып, білмегендерін үйренгені жөн деп ойлаймын-дейді зерттеуші-мұғалім А.Тулегенова.
Білікті ұстаз 2016 жылы ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі «орыс тілі» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру» білім беру бағдарламасы бойынша курсты аяқтаған. 2017 жылы Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағларламасы бойынша курстан өткен. 2021 жылдың 25 маусымында «Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» жобасы аясында өткізілген орыс тілі пәні бойынша «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» вебинарына қатысқан. Сонымен қатар 2021 жылдың 4 маусымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұнын іске асыру жағдайында инклюзивті білім беру курсында дәріс алған екен. Анар Ұзақбайқызы 2018 жылдың 28 желтоқсанында педагог-зерттеуші санатына ие болған.
2015 жылы облыстық «Үздік педагог» байқауында жүлделі І орын алса, 2018 жылы облыстық педоқуда 2 дәрежелі дипломмен марапатталған. 2020 жылы ҚР білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің Алғыс хатын алған. Жыл сайын оқу жылы қорытындысымен аудан әкімінің, мектеп директорының ұрпақ тәрбиесіндегі жетістіктері үшін А.Тулегенова Алғыс хаттарға ие болып жүр. 2022 оқу жылында 11 сыныптарда орыс тілі мен әдебиетін оқыту жөнінде авторлық бағдарламасын қорғап шыққан. 2023 наурызда «Білім беру ұйымдарының қызметін тиімді жүргізуде заманауи инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің педоқуларының облыстық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті пәндер секциясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ биыл «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналға Анардың мақаласы шыққан екен.
Қазақта «ұстаздан шәкірт озар» деген бар. Ұстаздан білім алған шәкірттері де пәнаралық олимпиалардың, зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Мұғалімдер отбасының тұңғышы Анар Ұзақбайқызы ұл-қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ана. Ұлы Данияр Қуанов NCOC компаниясында қызметте болса, есепшілік мамандық алған қызы Динара Исатай ауданында тұрмыста. Тулегенов Ұзақбай аға мен Үміт анамыздың қасиетті қара шаңырағынан Анар, Алмас, Лилия өсіп-өніп, бүгінде бір-бір үй болды. Інісі Алмас мемлекеттік қызметте, қазіргі уақытта Есбол ауылдық округінің әкімі болса, сіңлісі Лилия дәрігер, Атырау қаласында тұрады. Лилия жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
А.Қуанышқалиева