Жол, жарық, су мәселесі! Махамбет ауданы Бақсай ауылдық округінің тұрғындарының бас аурына айналған осы жайттар аудан әкімінің халыққа есеп беру жиынында айтылды. Естеріңізге сала кетсек, Президенттің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын халықпен кездесу міндеттелген еді.
Өткен есеп беру жиынында айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалысын баяндаған аудан әкімі тұрғындардың көкейінде жүрген өзге де мәселелерге құлақ түрді. Ауылдағы мектептің апаттық жағдайда екендігін айтқан тұрғындар жаңа білім ошағының керектігін алға тартты. Егін шаруашылығымен айналысушылардың жерді пайдаланғаннан кейін ретке келтірмей, сол күйі қалдырып кететіндіктеріне наразылық білдірді. Жол мен судың, соңғы кездері жиі өшетін жарықтың мәселесін көтерген ауыл тұрғыны Мұрат Ещанов «артта қалған ауыл секілдіміз» деп қынжылысын білдірді.
- Ауылымыздың ішкі көшелерін асфальттау керек болып тұр. Бір ғана көшеде асфальт бар. Ауданға қарасты Жайық бойындағы ауылдардың барлығы жағдайын түзеп алды. Біз ең артта қалған ауыл секілді болып отырмыз. Су мәселесі де мазалайды. Жазғы су жүріп тұрғанымен де, қысқы су тоқтап қалып тұр,- дейді ауыл тұрғыны.
Тұрғынның көтерген проблемасын тыңдаған аудан басшысы ұзындығы 5510 метр болатын жол құрылысы жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін конкурсқа берілгендігін айтты. Ал ауылға су жіберетін су тазарту қондырғысының өзге ауылда орналасуы себепті заңдастырылмаған құбырларды прокуратурамен келісіп, заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі су тазарту қондырғысын мемлекеттік мекеме меншігіне беру жағдайы қарастырылатындығын жеткізді.
– Ұзындығы 5510 метр болатын көшелерге жол құрылысы жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға 8 миллион 489 мың теңге қаржы бөлінді. Мамыр айында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, архитектура және қала құрылысы бөлімі арқылы жоба жасақтауға конкурс берілетін болады. Күні кеше су мәселесі көтерілгенде осы жердегі қоғамдастық өкілдерімен, ауыл әкімдерімен, прокуратурамен бірлесіп, жиналыс өткіздік. Жиын мақсаты қалай еткенде де суды тоқтатпау болды. Сөздің шыны керек, заңның шикілігі бар. Заң керемет бір жағдайға арналған. Ол бойынша дамыған ауылдық округ құбырлары, су тазарту қондырғысы жаңа, тұрғындар 100 пайыз ақшасын төлейді және бәрінде есептегіш құрылғы болуы керек екен. Осы мәселені ретке келтіру мақсатында облыс әкімі Серік Жамбылұлы министр болып тұрған уақытта да көмек сұрап барғанмын. Жағдайды реттеуге прокуратура қызметкерлері өз келісімін беріп, белгілі бір уақыт берді. Су тазарту қондырғысының заңдастырылмаған құбырларын заңдастыру жұмыстарын атқарамыз. Жалпы түпкі ойым – су тазарту қондырғысын мемлекеттік мекеменің меншігіне беру,- деді аудан әкімі Р.Бауыржанұлы.
Ауыл әкімінің жергілікті азаматтардың арасынан таңдап, қайта сайлау өткізу, интернет, қоғамдық көлік, жемшөп, субсидия, кәріз төгетін орынның мәселелері де осы жиында айтылды. Ауыл тұрғыны Алтай Баймұханов жол сапасының төмендігін, интернетпен жұмыс жасау мүмкін еместігін айта келе, ауыл әкімін қайта сайлау бойынша ұсынысын да жеткізе кетті.
- Ауыл ішіне жол салғанымен, оның сапасын тексерген ешкім жоқ. Оның зардабын тартатын – халық. Жаңбырдан кейін ойқыш-ойқыш болып жатқанын байқаймыз. Екі жылдан кейін күрделі жөндеуді қажет етіп қалуы мүмкін. «Атырау-Орал» тасжолынан ауылға дейінге 9 шақырымдық жолдың салынғанына ризамыз-ау, бірақ оны жыл сайын жөндеп, оған қаражат сұрата бергеннен не ұтамыз? Сондықтан бірінші кезекте сапаға мән берген жөн. Интернет мәселесі де – өзекті. Әкімнің есебін жұмыс уақыты болған соң онлайн тыңдап, ұсынысты сол жерде айтқымыз келді. Қазір жұмыстарды интернет арқылы үйде отырып-ақ жасауға болатын заман болғанмен де, ауылымызда бұл мәселе шешілмей тұр. Activ, Beeline байланыс желілері болғанмен де, жылдамдығы өте баяу. Тағы бір айтарым, ауыл әкімін қайта сайлау жөнінде болып тұр. Ауылымыздың қазіргі әкімінің жұмысына шүбә келтірмеймін. Десе де, өз ауылымыздың жастарының арасынан әкім болуға лайықты азаматты дайындап, шығарған дұрыс секілді,- дейді ауыл тұрғыны А.Баймұханов.
Аудан әкімінің есебінен соң «АМАNАТ» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға келген тұрғындар ауылішілік жол және Махамбет ауылы мен Хамит Ерғалиев ауылының аралығындағы жолды жөндеу, тұрғын үй, тазалық, каналдарға күрделі жөндеу, ауылдың сәулеті мен келбетін түзеу, жолаушылар көлігі, ауыз және техникалық сумен қамту мәселелерін көтерді. Қабылдауға келген азаматтардың көтерген мәселелері, арыз-өтініштері қараусыз қалмай, партия филиалының тарапынан қажетті жұмыстар жүргізілетіні және нәтижесі жеткізілетіндігі айтылды.
– Осы күнге дейін 170-ке жуық қоғамдық қабылдау өткіздік. Халықтан 2500-ге жуық өтініш келіп түсті. Олардың ішінде көп түсетіні – жер мәселесі. Халық төрт түлік ұстағысы келеді, бірақ жемшөп, жайылымдық жер мәселесі қиындық туғызып тұр. Бұл мәселелер Мәжілісте заң тұрғысынан қаралатын болады. Екіншісі – су мәселесі. «Ауыл – ел бесігі» атты мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама бар. Оның қаражаты көп болғанмен де, бүкіл ауылды қамтуға жете қоймайды. Дегенмен де халық саны артып келе жатқан ауылдарда су мәселесін шешу – алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі. Ал бүгінгі қоғамдық қабылдауға келген азаматтар өздерінің жеке мәселесін емес, ауылдың жайын қозғап отыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Тұрғындардың мәселесін облыстық, республикалық деңгейде көтеріп, шешетін боламыз,- деді «AMANAT» партиясы республикалық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов.
Айта кету керек, Бақсай ауылдық округіне қарасты Есмахан, Көздіқара елді мекендеріне медициналық пункт салу жоспарлануда. Ұзындығы 3340 метр болатын көшелерге жарық шамдарын орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, қаражат қарастыруға сұраныс берілген. Шілде айында өтетін сессияда қаржы бөлу мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Қазбек АЙТҚАЛИҰЛЫ