Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде

Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты, Алға ауылы маңындағы Алмағамбет көлінде судың көп келуіне байланысты балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ұсақ шабақтар арнадан шығып, көлдегі қалың өскен жыңғылдардың арасынан шыға алмай қалған. Сонымен бірге, күннің ысуына байланысты көлдегі оттегі азайып, шабақтар үшін қауіп төнген.

-Жергілікті атқарушы орган өкілдері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден құралған топ құтқару жұмыстарын жүргізуде. Сәуірдің 28-інен 29-на қараған түні арнадағы су ағысы қатты болып, шабақтар жыңғылдар арасына жиналып, балықтардың өлу фактісі орын алды. Өлген балықтар сүзіліп, санитарлық талаптарға сай көміледі. Ал, көлден 300 метр қашықтықта арнаның өзінде су терең, ол жерде балықтардың өлу фактісі жоқ. Алмағамбет су айдыны орман алқабына кіреді. Бұл жердегі жыңғылдарды жұлу, жою, қазу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы рұқсат алу қажет, деді Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы балық өлу фактісінің алдын алу үшін облыс әкімдігімен арнайы іс-шара жоспары құрылып, қала, аудан әкімдіктерімен алгоритм бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Ал Алға ауылының әкімі Расул Мусин соңғы аптада аталған су айдынында кезекшілікпен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

-Айдынға су келмес бұрын, ауыл жастарымен, еріктілермен, инспекция қызметкерлерімен көлге тазалау жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, құлаған ағаштар, қатты қалдықтар мен қоқыстарды тазаладық. Судың мөлшері 24 сәуірден бастап көбейе бастады. Сол кезден бері кезекшілікпен жұмыс жасап, су деңгейін қадағалап, өлу қаупі бар балықтарды тереңге жіберіп отырдық. Алайда, қазір судың қатты келуімен балықтар жыңғылға тіреліп, өте алмай қалып тұр. Ал, алдын алу үшін тор қою біздің құзырымызға кірмейді, деді Р.Мусин.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT