Бәрі де Алла разылығы үшін

Рамазан айы келісімен ауызашар беруге асығатын жанның бірі менмін. Жылма-жыл отбасымызбен ауызашардың сауабынан құр қалмауға тырысамыз.

Ауызашар беру – сауапты іс. Зәйд ибн Халид әл-Жуһайнидің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып, тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. (Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 40).

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды», – деген. Сонда риуаят етуші: Уа, Расулалла! Ауызашарға ештеңе таппаса не істейді? – деді. – «Бір тілім нан берсін» – деді. – «Ол да болмаса ше?» – «Онда қара су берсін» – деді (әт-Тарғиб уәт Тархиб, 2/431.) Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі.

Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың біреуі бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндігі жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – деп жауап береді (Бәйһақи).

Тағы бір хадисте: «Ауыз бекіткендер тамақ жеп отырған уақытта тойғанға дейін ауызашар берген адамға игілік тілеп тұрады» делінген.

Міне, бұл хадистерден байқағанымыздай, ауызашарда дастарханның ас та төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Ең бастысы Алланың разылығын табу ниеті болса болғаны.

Еркебұлан НИЯЗОВ,

кәсіпкер.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT