Мемлекеттің тұрақты дамуы - ауыл-аймақтардың өркендеуімен тікелей байланысты. Ел Президенті Қ.Тоқаев ауыл әкімдерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп: «2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді», - деген болатын. Елімізде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Әсіресе соңғы жылдары ауданымызға қарасты ауылдық округтерде сапалы ауыз сумен қамту, электр желілері мен жылу жүйелерін жүргізу, ауылішілік жолдар салу, әлеуметтік нысандардың бой көтеруі сынды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ел игілігі үшін жасалып жатқан мұндай оң өзгерістерге жергілікті тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде.
СУ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ
Ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту халықтың денсаулығын нығайтумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Қазіргі уақытта аудан халқының 98,1% ауыз суды орталықтандырылған су желісі арқылы тұтынып отыр. Өткен жылы 12 ауылдың су тазарту қондырғыларын қайта жаңғырту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілгені белгілі.
- Құрылыс барысында су тазарту қондырғыларының ғимараттары жөнделді. Тазалау жабдықтары мен сорғыларға бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп, 2-ші көтергіш сорғы ғимаратының іші жөнделді. Су сору станциялары ауыстырылды. Жылу қазандықтары, жарық шамдары және бейнебақылау камералары орнаты¬лып, барлық нысанның абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аудандағы су тазарту қондырғылары жоқ Есма¬хан, Көздіқара, Томан, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріс елді мекендеріне ауыз су жүргізу мақсатындағы басталған құрылыс жұмыстарына биылғы жылы аяқтау үшін 188 605,0 мың теңге қаржы бөлінді. Су желілерін жүргізу, мұнара орнату жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Жалғансай ауылының жаңа мөлтек аудандарына су желісін жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Ағымдағы құрылыс жұмыстарына 1 000,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурсы өткізілді. Жеңімпаз мердігер мекеме «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС-мен келісім шарт жасақталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын қабылдау үшін қаржы бөлуге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік сұраныс берілді. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Жалғансай ауылындағы жазғы су құбырын жаңғырту жұмысы өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, 16,3 шақырым су құбыры жүргізіліп, 2 дана қалқымалы сорғы станциясы орнатылды. 1275 тұрғынның техникалық суды пайдалану қызметі жақсарды, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жігербек Төлеуғалиев.
ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МАҢЫЗДЫ
Аудан орталығындағы «Мерей» шағын ауданы мен Жалғансай, Бейбарыс ауылдарында электр желілерінің құрылысы биыл толық аяқталды. Жоба аясында қуаты 16 мың кВт жаңа подстанция бой көтерді. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард 423 миллион 625 мың теңге. Соның нәтижесінде Жалғансайдан 150, Махамбет ауылының «Мерей» шағын ауданынан 1260, одан басқа 2362 жер телімі берілді. Бұдан бөлек Алға ауылының жаңа шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қолға алынған болатын. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Махамбет ауылындағы 60 пәтерлік 4-ші көп қабатты үйдің аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары 95 пайызға атқарылып отыр. Қазіргі таңда асфальттың бірінші және екінші жабындысы, сонымен қатар жаяу жүргінші жолдары төселді. Бұдан өзге де 60 пәтерлік тұрғын үйдің барлығын қамтитын кәріз суларын өткізу жүйесінің ескіріп, тозығы жетуіне байланысты жаңа модульді кәріз айдау станциясы орнатылды.
ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ
Ауданда 2023-2024 жылдары ұзындығы 72 шақырым болатын 9 ауылішілік және 2 ауылдың кірмежолына жөндеу жұмыстары басталған еді. Жуырда Талдыкөл ауылының 6 , 2 шақырымдық кірмежолының бірінші қабаты аяқталып, көлік құралыдарымен жүруге рұқсат берілді . Ал 2,4 шақырым болатын ауылішілік көшелеріне күрделі жөндеу жүргізген мердігер мекеме «АБС Лимитед» ЖШС жұмысты толықтай аяқтады. Сарайшық ауылының 13,128 шақырым ауылішілік көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына 2025 жылға бөлінген қаражатқа сәйкес қазіргі таңда 8,281 шақырымына асфальт жабындысы төселіп отыр. Ортақшыл ауылының 3,2 шақырым ішкі жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ақтоғай ауылының 2,152 шақырым кірмежолын және 2,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерін жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалғансай ауылының 13,6 шақырым ауылішілік көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 2,462 шақырым болатын Есбол ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталды. Аудандық бюджет есебінен аудан көлемінде 230 дана жол белгілерін және 12 дана жасанды жол кедергілерін орнату үшін 5 млн. теңге қаржы бөлініп, жол белгілері толықтай жеткізіліп, орналастырылды. 2025 жылы ауылдық округтердің, оның ішінде Еңбекшіл 1,3 шақырым, Бейбарыс 2,79 шақырым ауылішілік және Сарайшық ауылының 5 шақырым кірме жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық сметалық құжаттамалары жасақталған. Тұрғындарының талап-тілегіне сәйкес ауыл ішінде автобус аялдамаларымен қоса жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да салынуда.
ЖАҒА БЕКІТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Ауданға қарасты елді мекендер негізінен Жайық өзенінің бойында орналасқандықтан көктемгі су тасқыны кезінде қауіп күшейетіні белгілі. Соған байланысты әр ауылда жаға бекіту жұмыстары біртіндеп жасалып жатыр. Бейбарыс ауылында 1,789 шақырым,Талдыкөл ауылындағы 1,740 шақырым, Сарайшық ауылындағы 0,8 шақырым болатын Жайық өзені жағалауын бекіту жұмысына жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Сол секілді келесі кезекте Сарытоғай және Есбол ауылдарындағы жаға бекіту жұмысына жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда.
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ НЫСАНДАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Ағымдағы жылы ақпан айында Сарытоғай ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, мамыр айында аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдары Ортақшыл, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына 200 орындық мәдениет үйі және Махамбет ауылынан 400 орындық мәдениет үйі бой көтереді деп жоспарлануда. Апатты жағдайда деп танылған Алға ауылдық 200 орындық мәдениет үйінің жобасына қаржы бөлінсе, көп ұзамай құрылысы басталмақ. Ақтоғай ауылдық мәдениет үйі, Бейбарыс ауылдық «Жасдәурен» мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Атырау облысының 2023 – 2027 жылдарға арналған Даму жоспарына енгізіліп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі жылдан жылға артып келеді. Махамбет ауданында халық саны отыз мыңнан асады десек, оның ішінде дене шынықтыру, спортпен жүйелі айналысатындар саны 12904-ке жетіп отыр. Махамбет ауданында 1 стадион, 3 спорт кешені жұмыс жасайды. Сонымен қатар жасанды төсенішімен 29 шағын футбол, 12 балалар ойын алаңы, 4 баскетбол, 1 волейбол, 6 стритворкаут тренажер алаңдары және білім беру мекмелері мен мекемелерде 25 спорт залдары мен барлығы 71 нысанда аудан спортының бұқаралығын арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Бейбарыс, Ақтоғай ауылдық округтерінде аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған ангар үлгісіндегі жылдам салынатын модульдік балалар спорт залдары салынуда. Қазан айында Таңдай ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарына жасанды төсеніші бар ашық спорт алаңдарын салу бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, мердігер мекеменің жауапсыздығынан пайдалануға берілмей отыр.
Ауыл әлеуетінің артуы - ел дамуының берік негізі. Өңірлерді дамыту бағытында атқарылып жатқан мұндай жүйелі жұмыстар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, елді мекендердің келешегіне деген сенімді нығайтты. Бұл бастамалар халықтың тұрмысын түзеп қана қоймай, жастарымыздың ауылда тұрақтап еңбек етуіне, жергілікті экономиканы жандандыруға жол ашуда.
Б.САПАРОВА


