Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектті енгізу арқылы оның тиімділігін арттыруды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Бұл – бүгінгі күн талабы мен болашақтың бағытына толық сәйкес келетін маңызды бастама.
Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан жердің сапасын, егiннің шығымын нақты әрі жылдам бағалайтын, дәнді-дақылдардың жай-күйіне мониторинг жүргізетін цифрлық технологияларды қолдану – саланың қарқынды дамуына үлкен серпін береді. Осындай инновациялық тәсілдер арқылы әрбір жер теліміне қандай өнім егілгені, оның тиімділігі қандай болатыны алдын ала болжанып, шығын азайып, өнім түсімі арта түсетіні сөзсіз.
Ауданымызда да осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру – негізгі міндеттердің бірі. Жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жеңілдету, заманауи технологияны игерген білікті мамандарды даярлау – алдағы жылдардың басым бағыты болмақ.
Президент Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындау арқылы ауыл шаруашылығы саласы жаңа белеске шығып, аудан экономикасының дамуына да зор үлес қоспақ.
С.Жайлашев,
Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

