Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылғанын байқадық. Президенттің бұл бағыттағы бастамалары сала мамандары үшін де, жалпы халық үшін де маңызды деп ойлаймын.
Жолдауда айтылғандай, түпкі мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету. Бұл жерде денсаулық сақтау жүйесінің орны ерекше. Себебі дені сау халық – ел дамуының басты негізі. Мемлекет тарапынан салаға жүйелі қолдау көрсетіліп келеді, медициналық инфрақұрылым жаңартылып, жаңа нысандар іске қосылуда.
Әсіресе «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының маңызы зор. Ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер салынып, тұрғындар үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік.
Менің ойымша, ауыл медицинасы – бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы. Алғашқы медициналық көмек сапалы болса, көптеген аурудың алдын алуға болады. Сондықтан ауылдағы медицина нысандарының материалдық-техникалық базасын күшейту, кадр мәселесін шешу – ең басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар Жолдауда көтерілген цифрландыру мәселесі де өте өзекті. Қазіргі таңда электронды кезек, электронды денсаулық паспорты, телемедицина сияқты қызметтер медицина саласына нақты өзгеріс әкеліп отыр. Бұл әсіресе шалғай елді мекен тұрғындары үшін тиімді. Уақыт үнемделеді, мамандардан кеңес алу мүмкіндігі артады, медициналық қызметтің сапасы жақсарады.
Әрине, денсаулық сақтау жүйесінде әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қаржыландырудың тиімділігі, медициналық қызмет сапасына мониторинг жүргізу, дәрі-дәрмекке қолжетімділік сияқты бағыттар үнемі бақылауда болуы тиіс. Дегенмен Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл салада жүйелі реформалар жүргізіліп жатыр және оның нәтижесі алдағы жылдары айқын көрінеді деп сенемін.
Президент Жолдауында көрсетілген бағыттар – медицина саласының болашағын айқындайтын нақты бағдар. Ал ауыл медицинасына басымдық беру – халық денсаулығын нығайтудың ең дұрыс әрі тиімді жолы деп есептеймін.
Балымгүл САҚТАПОВА,
Махамбет аудандық орталық ауруханасының
Отбасы денсаулығын сақтау басқармасының меңгерушісі


