Ел Үкіметінің AMANAT партиясымен бірлесіп іске асырып жатқан «Ауыл аманаты» жобасын халыққа таныстырушы мобильді топ Махамбет ауданына қарасты ауылдық округтерде болды. Ауданға қарасты Бейбарыс, Сарайшық, Ақжайық, Жалғансай ауылдарының тұрғындарымен кездескен партияның мобильді тобының мүшелері жобаның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді.
Аталған жоба аясында еліміздегі әр ауылда, әр отбасында сауалнама жүргізу арқылы статистикалық ақпарат алынады. Кейін ауылдарда жүргізілетін скрининг арқылы әр елдімекеннің географиялық ерекшелігі, еңбек және қаржылық, өзге де ресурстары жөніне сандық көрсеткіштер жиналады. Бұл статистикалық ақпаратты жобалық кеңсе сараптап, ауылдың мамандануын және әлеуетті кәсіпкерлік бағытын анықтап, жергілікті әкімдіктерге көмек көрсетпек. Яғни, егжей-тегжейлі талдау аудандарда қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатындығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Жамбыл облысында жүзеге асқан жоба оң нәтижесін берген. Өңірде 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, халықтың табысы 165%-ға ұлғайған. Соған сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 65%-ға азайыпты.
– Жоба ауылдық жердің азаматтарына кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. «Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын» дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырам дейтін кооператив мүшесі оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады,- дейді мобильді топ жетекшісі Зүлфия Көбеева.
Ауылдың дамуы басшылыққа тікелей байланысты екені анық. Сондықтан ауыл әкімдері өз елді мекенінде қолға алуға болатын жобаларды анықтайды. Осы уақытқа дейін ауыл әкімдерін оқытуға қатысқан бизнес-тренерлер ендігі кезекте республиканың барлық ауылдарын аралап, халыққа «Ауыл аманаты» жобасының бағыты мен мақсаттары жөнінде түсіндіреді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмауды көздеген ауыл тұрғындары кездесуге асығуда. «Ауыл аманаты» жобасымен танысқан тұрғындар жоба аясында қызықтырған сұрақтарын қойып, өздерінің бизнес идеяларымен бөлісіп, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жеткізді.
– Барлық ұсыныстар жинақталып, жобаға толықтырулар енгізуге мүмкіндік береді. Жобаны іске қосудағы басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқатты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Жамбыл облысында 2019 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Ауыл халқының табысын арттыру» қанатқақты жобасын 2023 жылдан бастап республика деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бағдарлама шеңберінде 20232025 жылдары әр жыл сайын еліміздің барлық облысына жобаны іске асыруға арналған бюджеттік несиелер бөлу көзделіп отыр. Заңнамаға енгізілетін түзетулер пакеті әзірленді. Ол қаражат алу тетігін айтарлықтай жеңілдетіп, жобаны іске асырудың тиімділігін арттырады,- дейді З.Тынымгерейқызы.
Ақпараттық түсіндірме жұмысы бір ай көлемінде өтеді. Осы уақыт аралығында Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынған жобаны қолдаушылар саны көп болса, Үкімет те өз кезегінде қолдау білдіруге дайын екендіктерін көрсетіп отыр. AMANAT партиясының мүшелері 179 аудандағы 394 ауылдық елді мекенге баруды көздеп отыр. Осылайша, еліміздегі 250 мыңнан астам отандасымыз «Ауыл аманаты» жобасы туралы егжей-тегжейлі таныспақ.
Қазбек АЙТҚАЛИҰЫ