Әлемді жайлаған аты жаман індеттің әлі де болса ауыздықталмай, ауруға шалдыққандар санының азаймай отырғанын көруге болады.
Сіз бен бізге керегі ең басты байлық ол - денсаулық . Ал өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір адам індеттен құтылудың бірден-бір жолы екпе алу екендігін түсінуі керек. Біз жұбайымыз екеуміз сәуір айының басында және соңында І және ІІ компонентті ресейлік «Спутник V» екпесін алдық. Ең алдымен, дәрігерлердің толықтай тексеруінен өттік. Дене қызуы мен қан қысымымызды тексерді. «Бәрі қалыпты» деген дәрігердің рұқсатынан кейін ғана екпе салынды.
Екпе – мен үшін ең тиімді қорғаныс құралы. Оның сапасына, тиімділігіне еш күмән келтірмеймін. Ақпарат құралдарынан естігеніміздей, Ресейдің өзінде екі миллионнан астам адам вакциналанған. Оны қолдануды бұған дейін Белоруссия, Аргентина, Палестина, Венесуэла, Түркіменстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Венгрия, Пәкістан сынды елдері мақұлдап отыр.
Сондықтан, алаңдаушылық жоқ деп білемін. Мамандардың айтуынша,екпеден кейін ағзада қандай да бір симптомның орын алуы ықтимал. Екпе салынған жердің ауырсынуы, қызаруы, кей адамда дене қызуының көтерілуі, әлсіздік пайда болуы мүмкін. Сол себепті де мамандар екпе алғаннан кейін 3 күн бойы ішімдік, темекіге жоламауды, суық тигізуге болмайтынын да пациенттерге түсіндіреді. Біз деніміздің сау, айналамыздағы жақын адамдардың аман болғанын қалаймыз. Сол себепті де, мен екпе алуды қолдаймын. Аудан тұрғындарын өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, індетті жеңуге белсенді түрде атсалысуға, екпе алуға шақырамын.
Бағыт ГАБДУЛЛИН,
«Махамбет ауданының Құрметті азаматы»