Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша өңірде эпидахуал ушығып, короновирус жұқтырған науқастардың саны тәулігіне 290 адамға жеткен.
Ал аудан көлемінде маусым айының алғашқы аптасынан бері тәулігіне 40-50 адам учаскелік дәрігерлер мен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінсе, 8-10 адам стационарлық емге түсуде. Оқырман назарына індет жұқтырған науқастармен тікелей байланыста жүрген емдеуші дәрігер, аудандық аурухананың меңгерушісі Шолпан Алпысбайқызымен сұхбатты ұсынамыз.
-Шолпан Алпысбайқызы, алдымен ауданымыздағы эпидахуалға жалпы сипаттама беріп өтсеңіз.
- Қазіргі уақытта эпидахуалдың күшеюі байқалуда. Олай дейтін себебім маусым айының бірінші аптасынан бастап жергілікті жердегі жедел жәрдем бекетіне, емханаға, емханадағы фильтр кабинетіне, ауруханадағы қабылдау бөліміне медициналық көмекке жүгінген науқастардың саны екі-үш есеге артып отыр. Сондықтан №2 инфекциялық бөлімшедегі кереует санын 2 есеге ұлғайттық. Қазір 40 көйкілік емдеу стационары, 1 дәрігерлік пост және 2 медбикелік пост 24 сағат бойына жұмыс жасап тұр. Дене қызуының көтерілуі, кеуде тұсының ауруы, ірі буындардың сырқырауымен келген науқастар бірден фильтр кабинетіне жіберіледі. Сол жерден короновирустық инфекцияға ПЦР тест тапсырады. Сонымен қатар кеуде клеткасының рентгені түсіріледі. Егер рентгенде өкпе қабынуы анықталатын болса, науқас стационарлық бөлімге ем алуға жіберіледі. Қабылдау бөлімінен дәрігерге қаралып, егер жағдайы ауыр болса ауруханаға жатқызылады. Сол жерден 14 күнге дейін ем алады. Емдеу хаттамасы бойынша науқасты 10 күн емдейміз. 3 күн белгілерін қараймыз. Егер де қайтадан қызу көтеріліп, жөтел, дем жетпеу белгілері байқалса әрі қарай ем беру жалғастырылады. Ал мұндай белгілер байқалмаса үйіне шығарамыз.
-Дәл қазіргі уақытта ауруханада қанша науқас ем алып жатыр. Оның ішінде жағдайы ауыр науқастар бар ма?
-Қазіргі таңда инфекциялық бөлімде 37 адам жатыр. 70 пайызының ПЦР сынамасы оң. Бес науқастың жағдайы ауыр болғандықтан «Бобров» аппараты арқылы оттегі алуда. Тәулігіне 8-10 адам стационарлық емге түсуде. Фильтр кабинетіне, учаскелік дәрігерлерге, жедел жәрдемге үйге шақырту беріп жатқан адамдар тәулігіне 40-50 ге жетіп отыр. Бұл қалыпты көрсеткіштен 2-3 есе көп деген сөз. - Вирустың алғашқы белгілері қандай? Індет жұқтырғанын қалай анықтауға болады? -Өткен жылғы вирустан биылғы вирустың белгілері өзгеше. Бұрын науқастардың қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, ауа жетпеу, кеуде тұсының ауруы байқалса, маусым айының басынан бастап келіп жатқан науқастарда дене қызуы 37,5-38 ден аспайды. Кеуде тұсы ауырмайды, бірақ іші өту, жүрегі айну, тамаққа тәбеті болмауы және қатты әлсіздік белгілері болады.
-Емдеу хаттамасы туралы айтып берсеңіз. Науқастарды қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатырсыздар?
-Сынамалар алынғаннан кейін симптоматикалық еммен бірге, вирусқа қарсы, антибактериялық ем жүргізіледі. Сонымен қатар гормоналдық, қан сұйылтатын дәрілерді береміз. Себебі бұл ауруларда көбіне өкпеде қан ұю белгісі болады. Өкпеде гипертензия көтеріледі де екінші қанайналым жүйесінде іркілу болады. Бұл өкпе инфарктісі деп аталады.
Ауырып келген науқастардың арасында вакцина алғандар бар ма?
Вакцина алғандар әзірге тіркелген жоқ.
-Дәрі-дәрмек, оттегі аппараттары, дәрігерлер жеткілікті ме?
- Барлығы жеткілікті. Қалыпты адамдарда өкпе сатурациясы 97-100 дің арасында болуы керек. Біздің деңгейде 93- 95 тен бастап емдейміз. Бірақ облыстық көлемде ауруханалардың босамауына, жергілікті халықтың көп ауруына, эпидсезонның күшеюіне байланысты көп жерлерде орын болмайды. Сондықтан жағдайы нашар науқастарды да өзімізде емдеп жатырмыз. Конденсат бар, палатада оттегі береді. Сонымен қатар пит палата бар. Пит палатада науқастар «Бобров» аппаратымен тыныс алады.
- Індетті негізінен қай жастағы адамдар жұқтыруда?
- Ауруханада жатқан науқастардың 70 пайызы үлкен адамдар. Тағы бір ерекшелігі жасөспірімдер мен кішкентай балалар да ауырып жатыр. Емшектегі сәбилерден де ауру белгісі табылуда. Науқастардың барлығында ауру белгісі той-томалақтан, садақадан, базардан келгеннен кейін басталған. Халық көп жиналған жерде науқастармен байланыста болған.
-Дәрігер ретінде аурудың алдын алу мақсатында қандай кеңес бересіз?
- Жоғарыда айтып өткенімдей індет жұқтырып жатқандар негізінен егде жастағы адамдар. Сондықтан орта жастан жасқан адамдар, сондай-ақ қант диабеті, жүрек қан тамырлары аурулары, ентікпе т.б созылмалы ауруларымен «Д» есепте тұрған адамдар міндетті түрде оқшаулану керек. Отбасының өзге мүшелері адам көп шоғырланған жерлерге барғанның өзінде бет перде тағып, ара қашықтықты сақтап, беттен сүйіп немесе қол беріп амандасудан қашқаны жөн. Ең бастысы жеке бастың тазалығын сақтау.
Тағы бір басымдық беріп айтқым келетіні қызу көтеріліп, жүрек айнып, ішек инфекциясы сияқты белгілер байқалса міндетті түрде үйден ем қабылдамай дәрігердің көмегіне жүгінудің маңызы зор. Өйткені, қазіргі таңда ауыр жағдайда жатқан науқастардың барлығы, үйден ем қабылдап 10 күн уақытын жоғалтып, ауруды асқындырып алғандар.
Тағы бір айтарым емханаға келіп тексерілгеннен кейін, мысалы науқастан бронхит анықталуы мүмкін. ПЦР тесттің қаладан нәтижесі келгенше 1-2 күн өтеді. Сол аралықта дәрігер ол адамға ем береді. Сол емді уақытымен дұрыстап алу керек. Көп адамдар дәрігер берген емді дұрыс қабылдамай да ауруларын күшейтіп алып жатыр.
Екі жағдайда да 3 күн ішінде науқастың жағдайы жақсармаса бірден емханаға келуін сұраймыз.
-Әңгімеңізге, рахмет!
Б.СҮЙЕУОВА