Махамбет ауданының жұртшылығы биыл да наурыз тойын жоғарғы деңгейде атап өтуде. Орталық алаңда елең-алаңнан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Ауыл тұрғындары керек-жарағын түгендеген соң, сағат 10:00 басталған «Құт қонған, жақұт болған –Әз Наурыз» атты мерекелік шараны тамашалады.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Өнерпаз» мәдениет үйі ұйымдастырған концерттік бағдарлама «Наурыз-думан» хореографиялық композициясымен басталып, алаңға алпысқа жуық биші қыздар шықты. Күн мен түн теңесіп, Жер-Ананың бусанып, гүлденген шағы саналатын наурызды Жер-Ананың аластауымен бастап, көктем аруының биі, «7 шырақ» қойылымы, «Наурыз көже» биі, «Төрт түлік пірлері» қойылымы, Қыдыр атаны шығуы, «Қара жорға» биімен қортындылады. Әрбір сахналық қойылым наурыздың қазақ халқы тарихындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі алар орнымен байланыстырылды. Өнерпаздардың мерекелік бағдарламасынан соң аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жиналған жұртқа әз Наурызбен құттықтау сөзін арнап:
- Құрметті махамбеттіктер! Сіздерді ең алдымен күн мен түннің теңеліп, жаңа күннің, жаңа жылдың басталуымен құттықтаймын! Биылғы жылан жылын үлкендеріміз жайлы деп жатыр. Сонымен қатар Әз- Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуі де бір жақсылықтың нышаны деп білеміз. Жаңа жылдан бәріміз де жақсылық күтеріміз анық. Ендеше, ауданымыз үшін осы жыл берекелі, табысты болсын! Баршаңыздың отбасыларыңызға құт-береке дарып, жағымды жаңалық, игі бастамалардың ортасында жүрейік!,-деді.
А.САТАЕВА