Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды 5 қыркүйек - Қазақстан Халқының Тілдері күні мерекесімен құттықтаймын! Тіл мерекесі - біз үшін және еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Тіл – кез келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деп бағдарымызды айқындап берді. Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз және біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз.
Қазақстан дүние жүзін шарлаған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, елімізді мекендейтін этностардың тілі мен мәдениеттерін дамытуға, балаларының өз ана тілдерінде білім алуларына жағдай жасап отырған бірден-бір мемлекет. Бұл әлемдік тәжірибеде өте сирек кездесетін құбылыс. Ел бірлігін еселейтін бұл құндылықтар Отаншылдық сезімін орнықтырады. Сонда Тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болары сөзсіз. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының алғашқы кезеңдеріндегі негізгі міндеттерінің орындалуында қажетті нақты шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Дана халқымыз «Көп көтерсе жүк жеңіл» демекші ынтымақты еңбек арқылы табыстың тайқазанын тасытып мемлекеттік тіл туралы бағдарламаны заман талаптарына сай орындау – біздің ортақ мүддеміз. Мереке құтты болсын!
Махамбет ауданының әкімі Р.Б.ЖАНҚЫЛЫШ