Аудан әкімінің бастамасын қолдап, білім бөлімінің ұжымы да бір ауыздан редакцияға келіп, газеттің балама жазылымына атсалыстық.
Бүгінгі таңда жан-жақтан ағылып жатқан ақпарат көп, дей тұрғанмен газет-журналдың қай қоғамда болмасын халықтың мәдениетін, рухын көтеруде, дүние танымын кеңейтуде рөлі мен орны қашанда жоғары. Жастарымыздың, мектеп оқушыларының газет-журналдар мен кітап оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыру – өз ұлтының мәдениетін, тарихын білуге ұмтылдыру, ақпараттық мәдениетін өрістету болып саналады. Халықтың оқу мәдениетін дамытуда «Жайық шұғыласы» газетінің орны ерекше. Өйткені, басылымнан рухани азық алып, күнделікті ауылдың тыныс-тіршілігімен таныс болып отырамыз. Сонымен қатар ауданға қатысты барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар газет бетінен көрініс тауып, оның ішінде мектепте өтіп жатқан шаралар да аудан тұрғындарына айна қатесіз жеткізілуде.
Жаңа бастаманы қолдап,енді алға қарай да ауданға қарасты қалған мектептер де ұйымшылдықпен біздің бастаған жолымызды жалғастырып,«Жайық шұғыласы» газетінің балама жазылымына толықтай қатысады деген сенімдемін.
Айгүл Сұлтанғалиева,
аудандық білім бөлімінің басшысы