Атырауда кен орнына барлау жасау және өндіру құқығы аукционда саудаланды

Аукционнан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетті толтыратыны белгілі.

ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығына арналған алғашқы онлайн аукциондар өткізілген.

Сауда-саттық Астана уақытына сай 10.00-де басталып, ал қатысушылар үшін аукцион залына кіру таңғы 9.00-де қолжетімді болыпты. Жалпы аукциондарда 7 учаске бойынша барлау және өндіру құқығы іске асырылған. Олардың бастапқы бағасы 263 миллион теңгені құраған. Нәтижесінде баға 230 есе артып, 61 миллиардқа дейін өсті. Бір учаске бойынша бастапқы құны 1000 есеге өскен.

Ең ұзақ сауда-саттық екі учаскесі – «Забурунье» және «Сарайшық» учаскелері бойынша өткен. Осы екі учаске бойынша аукциондар таңғы 10:00-де басталып, кешке дейін жалғасқан. Нәтижесінде «Забурунье» учаскесіне барлау және өндіру құқығы 16,3 миллиард теңгеге сатылып, ал учаске бойынша аукцион сағат 15:20-да аяқталған-ды. «Сарайшық» учаскесі бойынша аукцион ресми аяқталғанға дейін яғни сағат 17:00-ге дейін жалғасыпты. Учаскедегі барлау және өндіру құқығының жалпы құны 43 млрд. теңгені құрапты. Бұл ретте бастапқы бағасы 43 млн. теңге болған көрінеді. Дегенмен, бұл аукцион жерге меншік құқығы ғана емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексімен реттеледі.

Учаскелердегі кез келген технологиялық процестер ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралатынын білеміз. Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа қол қояды. Ал жобалау құжатын әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.

Аукциондар онлайн режимінде және жасырын өтетіндіктен қатысушылар бір-бірін тіпті көрмейді. Бұл ақпарат осы аукциондар өткізілуіне жетекшілік ететін ҚР Энергетика министрлігінің мамандары үшін де қолжетімді емес көрінеді. Жалпы онлайн аукцион қызметі 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекеттік мүлік тізілімінің www.gosreestr.kz порталында іске қосылыпты, оның әзірлеушісі және иесі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ болып табылады. Сарапшылар жаңа тетік нарықты ашық етіп, бизнес үшін де, мемлекет үшін де шығындарды айтарлықтай азайтады деп болжанып отырғанын айта кеткен абзал.

Бүгінде 2 учаске туралы ақпаратты қамтитын интерактивті карта барлығына да қолжетімді. Объектілердің әрқайсысы бойынша аукционға бастамашылық жасау үшін әлеуетті инвесторға тек онлайн режимінде өтінім беру қажет, содан кейін ғана кен орнын барлау және игеру құқығын аукционға шығару процесі басталады екен. Бір қуантарлығы, аукционның барысын кез келген адам бақылай алатындығы. Оператор ретінде «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тапсырысы бойынша жеке ашық аукцион залын құрған.

Аукционнан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетті толтыратыны белгілі.

"Жайық-Ақпарат"

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521