Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында осы жылдың 1- тамызынан бастап өңірдегі 994 отбасындағы 5555 адамға 258 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 775 отбасындағы 4576 адамға шартты ақшалай көмек, 247 отбасындағы 1142 адамға шартсыз ақшалай көмек берілген. Яғни, шартты ақшалай көмек құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға арналған, әлеуметтік келісімшарт жасалған және адал орындаған жағдайда көрсетіледі. Ал, шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз азаматтары бар отбасыларға немесе отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесі объективті себептермен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ жағдайда беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санаттарына жасалған талдау бойынша 18 жасқа дейінгі балалар – 66,4%, жұмыссыздар - 3,2%, көмекке жүгіну кезінде жұмысы барлар –12,9%, тәуелсіз қызметкерлер – 0,7%, зейнеткерлер – 0,7%, барлық топтағы мүгедектер – 0,9%, студенттер – 3,6%, бала күтімімен отырғандар – 10,7%, басқалары – 0,9% құрады.
-Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны 1326 адам. Оның ішінде 38-і тәуелсіз қызметкерлер, 720-ы жүгіну кезінде жұмысы барлар, 180-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 388-і бала күтіміндегілер, деді А.Мәмбетов.
Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 1310 балаға 56 млн 600 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар берілген.