Салт дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұлықтайтын, рухани мәдениетмізді асқақтатын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында игі іс-шаралар көптеп жүзеге асты.
Соның бірі "Нұршуақ" бөбекжай-бақшасы қызметкерлері ата-аналар мен балаларды ерекше жағдайда қарсылап алды. Есік алдына ақ дастархан жайылып, балабақшаға баласын жетектеп асыққан ата-аналарға ыстық бауырсақ, тәттілермен қоса Наурыз мерекесінің басты тағамы наурызкөже ұсынылды.
Дастархан басына қаз-қатар тізілген, көздің жауын аларлық ұлттық киімдегі қыз-келіншектер мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, бірі ән шырқап, енді бірі би биледі. Бөбекжай меңгерушісі Л.Неталиева атаулы мерекемен құттықтап, қызметкерлерінің осындай ұйымшылдықтарына ризашылығын білдірді. Мерекеге орай ізгі тілегін арнаған ата-аналар да көп болды.
Бір-бірімізге мейір-ықыласымызды төгуге, қайырымдылық жасауға, қол ұшын беруге үндейтін Наурыз мерекесін қарсы алудағы бұл бастамамыз жылдағы дәстүрге айналады деген сенімдеміз.
Наргиза Бердекеева,
"Нұршуақ" бөбекжай-бақшасының дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушысы