Ашылмайтын қылмыс жоқ, егер жауапты қызметкер болса...

Аудан әкімі С.Рысқалиев барлық мекеме, ұжымдармен кездесіп, оларды ашық әңгіме алаңына шақырып, қандайма мәселе болмасын бірлесіп шешуге мүдделілік танытуда.

Осының алдында ғана білім саласын толықтай зерделеп, аудан мектептерін түгел аралап шыққан Сырым Мұратұлы бұл жолы Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен кездесу жиынын өткізді. Бөлімнің жаңадан тағайындалған басшысы, полиция полковнигі А.Б.Закариев аудандағы құқық қорғау жұмыстарының жай-жапсары жөнінде қысқаша баяндап, әсіресе, мал ұрлығы белең алып тұрғанына тоқталды. Сондай-ақ жеке құрам материалдық жағынан толық қамтылғанын, учаскелік инспекторларға қызметтік пәтер, автокөлік берілгенін айтып өтті. -Қазіргі таңда ең басты проблема-мал ұрлығы болып отыр.

Бұл жағдай Жалғансай, Сарайшық, Алға ауылдық округтеріне қатысты,-деді аудан басшысы Сырым Мұратұлы. Сондықтан қандайма болмасын бір ілік іздеп, қылмысты ашуға жұмыстану керек. Ұры алыстан келмейді, өз арамызда жүруі де мүмкін. Мектептермен де тығыз байланыс орнату керек, ерекше назарға алатын балаларды бақылаған дұрыс. Соңғы кездері Алмалы, Береке ауылдарында полиция қызметкерлерімен жүргізілген рейдтер нәтижесін беруде. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыру керек.

Одан әрі аудан басшысы тазалық мәселесіне тоқталды. Көрінген жерге қасақана қоқыс төгіп кететіндерді аңдып жүріп, ұстап, заң жүзінде жазалаған жөн. Сонда басқаларға сабақ болып, аяқтарын тартып жүреді. Әсіресе, Алмалы, Бейбарыс округтері аумағындағы шайхана маңайы күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз, қашан көрсең де ыбырсып жатады. Мұндай келеңсіз көріністер Алмалыдағы «Әділбек», Махамбеттегі «Сейтек» шайханасына тән. Такси тұрақтарының айналасының тазалығы да келісіп тұрған жоқ. Тұрған жерлерінде шекілдеуіктерін шағып, судан босаған бөтелкелерін қалай болса солай тастай салады.

Ауыл-аймақтың санитарлық тазалығын сақтау да мәдениеттілікке жатады. Сондықтан әркім өз-өзіне есеп беріп, ішкі мәдениетін қалыптастыратын мезгіл жетті. Бұл орайда, учаскелік инспекторларға жоғары жауапкершілік жүктеледі,-деді сөзін одан әрі сабақтаған Сырым Мұратұлы. Ол өзінің қарамағындағы учаскеде қанша үй бар, онда тұратындардың қаншасы зейнеткер, қанша адам еңбекке жарамды, қалада оқитын студент жастар, әскери борышын өтеуге шақырылатын жасөспірімдер бар ма, бәрін бес саусағындай біліп отырулары керек.

Тіпті кім ауру-сырқаулы екендігін біліп отырса да артық емес. Ол үшін учаскелік инспекторлар аяқтай жүріп, үй-үйді аралау керек. Округ әкімдерімен бірлесе жұмыс жасаған дұрыс. Олардың қызмет дәптерлерінде жоғарыдағы айтылған әр отбасының әлеуметтік жағдайлары туралы деректер болуы керек. Сонда ғана қызметі көрінеді, жергілікті тұрғындардың өз инспекторларына деген сенімі артады. Қызметкерлердің қаншалықты өз лауазымдарына лайықты екендігін анықтау үшін белгілі бір мезгіл аралығында жеке құрамды аттестациядан өткізіп тұру керек деп есептеймін.

-Полиция қызметінің ардагерімін, сондықтан қаралып отырған мәселе маған жақсы таныс, -деді келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов. Бөлім басшысы Абай Базарғалиұлының тәжірибесі мол, жағдайды түзейді деп есептеймін.

Ең бастысы тәртіп пен жауапкершілік болуы керек. Ал енді мал ұрлығы туралы еш- қандай сылтау айтуға болмайды, өйткені, жоғарыда айтып өткендей, полицияға қалыпты жұмыс жасау үшін бар жағдай жасалған. Тіркеуде жоқ малды іздестірудің қиындығы болатын болар, бірақ тіркеуде жоқ деп істі жауып тастауға болмайды. Қырық алты жылдық өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, ашылмайтын қылмыс болмайды. Тағы бір айта кетер жайт, ашылған қылмыс туралы жария болу керек. Сол учаскелік инспекторды халықтың алдында марапаттап, мерейін өсірсе, қандай ғанибет. Тұрғындардың да өз учаскелік инспекторларына деген сенімдері артады. Әйтпесе тек өз ішінде, жеке құрам алдында марапаттағанның әсері шамалы. Олардың қыл- мысты ашқанын халық біліп отыруы керек.

Ардагердің сөзін қуаттаған аудан әкімі Сырым Мұратұлы әр саланың үздік қызметкері, білікті мамандары болады. Сол сияқты тәжірибелі полиция қызметкерлері туралы «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдармен газетке мақала жарияласа, нұр үстіне нұр. Өйткені, олардың да отбасы, араласатын ортасы бар. Жанкештілікті талап ететін қиын жұмыстары туралы кім-кімнің де біліп жүргені жөн. Бұдан әрі аудан басшысы жиынды сұрақ-жауап түрінде жүргізіп, ашық әңгіме алаңына шақырғанмен құқық қорғау қызметкерлері қапелімде қозғала қоймады.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT