Ардагер тілшіге көрісе барғанда

Көрісу көнеден келе жатқан дәстүр. Жасы кішілер үлкендерге барып көрісіп, батасын алады

Көрісу мерекесі қарсаңында редакцияның ардагері, журналист Бағыт Көшербаев ағамыздың үйіне арнайы барып, ұжым болып көрісіп қайттық.

Бүгінде 79 жасқа келіп отырған Бағыт ағай бізді қуана қарсы алып, төрге оздырды. Амандасып, көрісіп, хал-жағдай сұрасқаннан кейін ардагер журналисттің өнегелі әңгімелерін тыңдадық. Алғашқы еңбек жолын баспаханада бастаған ағамыз бір жылдан кейін Индер ауданындағы баспаханаға қызмет ауыстырады. Бір жыл көрші ауданда еңбек етеді. Туған ауылына қайта оралғанда жалғыз қайтпай Индер аудандық газетінің редакторы Мәжит Машановтың қызы Тыныштық сұлуды өзімен бірге ала келеді. Журналистің қызы, өзі де баспаханада еңбек еткен, газетте қызмет етудің қиындығын бір кісідей түсінетін Тыныштық апамыз азаматына әрқашан қолдау көрсетіп, алтын асықтай ұл мен қыз сыйлап, шаңырағын шаттыққа бөлейді.

b

-1964 жылы әскерден келген соң тілші болғым келіп аудандық газетке жұмыс іздеп бардым. Ол кезде редактор Теңдік Жауыров, орынбасары Мүтәлі Шәріпов, жауапты хатшы Мақажан Қабиевтер еді. Бұлардан басқа Мақсот Неталиев, Қырықбай Бекбаев, Күзембай Әміров, Данияр Жәрдемовтер еңбек етеді. Кілең «сен тұр мен атайын» деп тұрған білікті журналистер. Олардың арасынан маған орын табылмады. Бірақ меселімді де қайтармады. Редактор Теңдік Жауыров әзірге баспаханада қызмет ете тұруды ұсынып, линотипшілерді оқытатын 6 айлық курсқа жіберді. Оқып келген соң Индердегі баспаханадан линотип жұмысын үйренуге бардым. Сол жерде болашақ жарымды кездестірдім. Баспаханаға линотиптің қондырылуы аудан үшін үлкен жаңалық болды. 1970 жылға дейін линотипші болып қызмет жасадым. Өзімнен кейін шәкірт тәрбиеледім. Содан соң редакцияға корректор болып ауыстым. 1971- 78 жылдар аралығында тілші, әдеби қызметкер, радио хабарын ұйымдастырушы, хат бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1978-82 жылдары баспахананың директоры қызметтерін атқардым. 1982-2005 жылдары бас редактордың орынбасары болдым. 2005 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым. Теңдік Жауыров, Қырықбай Бекбаев, Сайлаубай Тәжбентай, Нұрым Ерғалиев секілді төрт редактормен қызметтес болдым. Аудандық газетті бір санын қалдырмай оқып отырамын. Өзіміз еңбек еткен қарашаңырағымыздың заман ағымынан қалмай дамып, өркендеп келе жатқанына қуанамын, – деп өткен күндерден сыр шерткен Бағыт Көшербаев көрісу мерекесінің мәні мен мағынасы туралы да ойларымен бөлісті.

ba-170321-5-2

-Көрісу көнеден келе жатқан дәстүр. Жасы кішілер үлкендерге барып көрісіп, батасын алады. Адамдарды бауырмалдыққа, қайырымдылыққа, ізеттілікке тәрбиелейді. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді.

14 наурыз күні үлкен кісісі бар үйлер ерте оянып, дастарқанын толтырып, бар тәттісін тосып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады.

Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Қазыналы қарияның әңгімесін тыңдап, біз бір сусындасақ, ұжымдастары іздеп келгеніне бір жасап қалған Бағыт ағай алақанын жайып ақ батасын арнады. Үлкенді де, кішіні де қуанышқа бөлеп, жанына жылылық сыйлайтын көрісу мерекесінің маңызы да осында болса керек.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521