Аудандық орталық кітапханада Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың иегері, белгілі тарихшы, өлкетанушы, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі Амангелді Шамғоновтың «Ұлы даланың батыры-Тайманның ұлы Исатай» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Оған тарихшы, махамбеттанушы, исатайтанушы Амангелді Шамғонұлымен бірге профессор, тарихшы, Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Аққали Ахмет, аудандық әкімдік бөлімдерінің қызметкерлері, ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары, оқырмандар, зейнеткерлер қатысты.
Кездесу кешін Журналистер Одағының мүшесі, ақын Қадыржан Қазымбекұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен слайд арқылы белгілі тарихшының өмір, еңбек жолдарына талдау жасады. Махамбет батырдың «Жауға шапқан» күйінен соң белгілі тарихшы, АтМУ «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ахмет кітапхана киелі орын екенін, ұстазы кітабының тұсаукесеріне бірге келгенін, автордың Исатай батырға қашықтығы жоқ, ағайындығы барын да тілге тиек етіп, кітап авторымен Исатай, Мақат, Индер аудандарында кездесу өткенін, Исатай батыр туралы көп жазылса да оның беймәлім тұстары әлі барын әңгімеге арқау етті.
Мұнан соң Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, кітап авторы Амангелді Шамғонұлы да сөз алып, кітап жазуға түрткі болған жайттарға, әр бөлімге кезек-кезек тоқталды. Ол алдымен елдегі пандемияға қарамастан кітабының тұсаукесерін ұйымдастырып отырған аудандық әкімдікке, оның бөлімдеріне, кітапханаға ризашылығын білдірді. Мемлекеттік сала ардегері Ұ.Төлегенов, зейнеткер Т.Үмбеталиев Исатай-Махамбетті зерттеушіге алғысын жаудырды.
Кітаптың тұсаукесері өтіп, лентаны аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева мен зейнеткер Ұ.Төлегенов қиды. Аудан әкімінің орынбасары С.Ертлеуқызы белгілі тарихшыға ризашылығын білдіріп, өз атынан «Алғыс хатпен» марапаттап, Махамбет бабаның суреті салынған кілемшені сыйлады. Одан әрі оқырмандар кітапқа қолтаңба алды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА