Амангелді Қонашев: «Алғадан ет павильонын ашу жоспарда бар» (видео)

Ата кәсіптен қол үзбей, төрт-түліктің көзін жоймай көбейтіп келе жатқан шаруақор азаматтар аз емес арамызда. Солардың бірі Алға ауылдық округіне қарасты «Бірлік» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Қонашев. Мал күтіміне, көбеюіне, бабына ерекше көңіл бөлетін кәсіпкер әсіресе, асыл тұқымды мал өсірудің құпиясы тіптен бөлек екенін айтады.

Жылына 60-70 төл алады

Қарт Жайықтың жағасын жайлаған 200 га аумақта шаруа қожалығы негізінен тұқымдық түрлендіру арқылы көбейтетін ірі қара төлдерін бағып отыр. Яғни, қазақтың ақ бас сиыры тұқымдас 1 жасқа дейінгі аналық бұзаулар мен 1,5 жастағы бұқашықтарды бордақылауға қойған. Шамамен 7-8 жылдан бері осы жұмысты қолға алып, жандандырған олар асыл тұқымды бұқадан жылына 60-70 төл алады.

Ал,күніне екі мезгіл жемшөбі алдында, тұз бен өзге де қоспалары жеткілікті мөлшерде берілген, тұқымдық ірі қара төлінің біреуі 180-200 кг-ға тарта ет береді екен. Заманауи үлгіде салынған қоралардың іші жылы, жарық, маңыздысы мал азығы жеткілікті және бақташысы басында. Әрине, мұның барлығының ар жағында бір емес бірнеше адамның, тұтас бір әулеттің жылдар бойғы адал еңбегі, тынымсыз тірлігі жатыр.

q

Сонау 1994-гі тоқырау жылдарында, кеңшарлар қожырап, шаруалар шашырап кеткен уақытта, жас та болса, бас болып, жүрексінбей жеке кәсіп бастағандардың бірі аталмыш қожалықтың иесі Амангелді ағамыз бен Айша апамыз екен. Көршілес Батыс Қазақстан облысынан агроном мамандығын меңеріп келген ол, осы салада біраз жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтайды. Кейін ел қатарлы екі білекті сыбанып, өз бетінше егін егіп, мал бағуға көшеді. Ауласындағы шағын қораларда азғантай бас сиыр ұстап, соның өнімін қалаға сата бастағаннан-ақ олар адал кәсіпте береке барын түсінеді. Осылайша күннің суығы мен ыстығына қарамастан сауданың ебін тауып, малдың бабын тауып, бар қиыншылықтан бірге өткен ерлі-зайыптылар бүгінде бала-келіндерін де отбасылық кәсіпке баулып отыр. Бұған сапар барысында өзіміз де куә болдық.

q

Шабындыққа субсидия керек-ақ

Бүгінде 200 бас ірі қара, 40-қа жуық түйе мен 70 шақты жылқысы бар бір ғана «Бірлік» шаруа қожалығының өзі жылына 3 мың тонна ірі сабақты мал азығын көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағынан дайындап әкеледі. Жерді де сол жақтың шаруаларынан жалға алып, өз техникаларының күшімен ауылға жеткізіп отыр. Ал шөп сату науқанында өздерінен артылғанын Алғаның, көршілес ауылдың малшыларымен кәсіпкерлеріне сатып, жол қаражатын өтейді. Жалпы елімізде мал азығы шығындарын өтеуге, тұқымдық түрлендіру және асыл тұқымды мал басын көбейтуге 2017 жылға дейін субсидия тұрақты түрде төленіп келді. 2018 жылдан бастап, заңға өзгеріс енгізіліп, мал азығы шығындарын өтеуге берілетін субсидия тоқтатылды. Оның құны орта есеппен алғанда бір бас ірі қараға 30 мың теңгені құраған болатын. Сонымен қатар мал төлдеу науқанында тұқымдық түрлендіруге қатынасатын ірі қарадан 80% - дан астам төл алынса, қосымша норматив аналық басқа төленді.

qystaq0502202

Қазіргі таңда Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасына сәйкес төлемнің бұл түрі де тоқтатылды. «Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қаржылай қолдаудың қысқаруы мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің шығынын екі есеге ұлғайтып жіберді. Жемшөбі сақадай сай болмаса, мал оңалмайды, саны да көбеймейді. Қыс ортасында шөбі таусылып, хабарласып жататын таныстарым да аз емес. Әйткенмен, жеке шабындығым болмаған соң мен оларға көмектесе де алмай қаламын. Жайық бойындағы азын-аулақ жерімді суландырып, көп жылдық дақылдарды ексем өзіме де, өзге шаруаларға да тиімді болар еді, алайда оған көп қаражат керек. Сондықтан мемлекет субсидиялауды осы бағытқа қарастырса, шаруаларға мал ұстауға қолайлы болар еді» -дейді көпжылдық тәжірибесі бар маман Амангелді Қонашев.

t

Бір кәсіппен шектелуге болмайды

Қырдағы қыстаққа оралар болсақ, бұл жерде 100 басқа жуық аналық ірі қара мен жаңа туылған төлдер бағылуда. Түйе мен жылқы өз азығын өзі тауып, қырда еркін жайылып жүр. Қыстақтағы қора-қопсыны қарайтын екі машықтанған малшы бар және кәсіпкердің ұлдары да ауысыммен келіп оларға көмектесіп тұрады. Техниканың барлық түрін «Қазагрофинанс» АҚ-ның қолдауымен лизингке алып отырған шаруаның қыстақтағы үйінде де барлық қолайлы жағдай жасалған. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржының арқасында күн сәулесінен қуат алатын панель қондырылып, соның көмегімен қырда қазір теледидар көріп, интернетке қосылуыңызға да болады. Жарық мәселесі біржола шешімін тапқан. Ал, ауыз суды 8 шақырым жердегі, өткен 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен «Алға-Егіз» каналынан әкеліп, жер асты құдықтарына құяды. «Жалпы қырдағы қыстақтың жай-күйі жақсы, мал азығы қысқа жеткілікті, ит-құстан аманбыз, осы күнімізге шүкіршілік етеміз» - дейді шаруаның өзі де.

s

Ауыл шаруашылығы саласына қатысты жаңалықтардың бірін қалт жібермей қарап отыратын, осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман ретінде Амангелді аға ізінен еріп келе жатырған үш ұлына да, жас кәсіпкер інілеріне де бір кәсіппен шектелмеу керектігін айтады. Өйткені, үнемі үкіметтің бергеніне қарап, ауыз ашып отырған да дұрыс емес екендігін, мал асырадың ба оның етін-сүтін сатуды, техникаң бар ма шөп шабуды, жерің бар ма егін егуді қоса алып жүру керектігін ол жақсы біледі. Балаларын оқытып, аяққа тұрғызып, білікті маман қып, бір бастарын екеу еткенше тыным көрмеген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер бүгінде ауылдағы шағын азық-түлік дүкенінде, ауыл маңындағы тұқымдық төлдерін де, қырдағы малын да ұршықтай иіріп игеріп, дөңгелетіп ұстап отыр. Осының барлығы отбасындағы бірліктің арқасы дейді ағамыз.

q

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі»демекші, бүгінде үш ұлы өзіне қолғанат болып, қасында жүрген оның енді екінші тынысы ашылып, жаңа кәсіпке көшкелі жүр. Жайық бойындағы жеріне «жылыжай» салуды көптен бері жоспарлаған агрономның армандары көп әрине, әзірге газ мәселесі қолды байлап тұрған көрінеді. Бұған дейін де бұрынғы облыс басшыларының қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірген кәсіпкердің өзі жергілікті биліктен қандай да бір қолдау болады деп үміттенеді. Себебі жылыжайға сұранып тұрған құнарлы жерге өнім ексе, еңбегі зая кетпейтініне сенімді. Сонымен қатар қазіргі таңда қала дүкендеріне 1келісін 1700 теңгеден тапсырып отырған тұқымдық ірі қараның етін осы Алғадан арнайы павильон ашып сату да жоспарында барын айтып қалды. Мұндай сіңімді әрі тиімді бағадағы ет ауыл халқына уақтылы жетіп отырса, тіптен тиімді болары сөзсіз.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521