Қызыл кітапқа енген, сосын қайта көбейген, аңшылықтан ғана емес, 2015 жылы аурудан да жаппай қырылған киіктің саны 2019 жылы ғана 150 мыңнан 334 мыңға әрең жеткен. Биылғы көрсеткіш – 1 318 000 бас.
Экошолушы Сәкен Ділдәхметтің пікірінше: «бұл соншалық дабыл қағып, мылтық ала жүгіретіндей көрсеткіш емес».
Әрине, өзі де жетпей жатқан өрісі мен шабындығына ортақтасқан киікпен бетпе-бет қалған шаруагерлерді де түсінуге болады. Бірақ мамандар, бұл жерде бар мәселе киіктің санында емес, олардың табиғи дамуы мен миграциялық жолының бұзылуында деп отыр.
Себебі, экожүйенің бұзылуы – киіктің бір жерге шоғырланып алуына себеп болып отыр. Көптеген жабайы жануар, мысалы, киік жыл 12 ай көшіп қонып жүреді. Олар мамырда құралайдың төлдеуінен кейін төлдері аяққа тұрған соң өздерінің жайылым жерін ауыстыруы керек-ті.
Өзінің миграциялық жолдары бар. Сол көптеген миграциялық жолды жол салған кезде жауып тастаған.
Ресми мәліметке иек артсақ, бүгінде дүниежүзінде киіктердің 5 популяциясы белгілі.
Ал, әлемдік популяциясының 99% қазақ жерінде екен. Оның Бетпақдала – Арыс, Еділ – Жайық және Үстірттік аталатын үш түрі бар.
Қалған екі түрі көршілес Қалмақ даласы (Ресей) мен Моңғолияда. Жайылым жердің тарыла бастауы себепті бұл елдердегі киіктердің басы өткен ғасырдан бері көбейе қойған жоқ деседі мамандар. Ал, моңғол жеріндегі киіктердің бұл тұқымы құрып бітті деуге болады.
Атылуы мүмкін делінген 80 мың киіктің 47 пайызы аналық, 5,5 пайызы аталық, ал қалған 47,5 пайызы төлі болуы керек. Ашық дерек өздер аңшыларды «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесі жасақтайтынын айтады. Ал, екі ортада браконьерлердің қанжығасы майланады деп қорыққандарға, кез келген адам ақбөкенді ата алмайды, оған қоса бұл қатаң түрде қадағаланады деп сендіреді жауаптылар.
Атып алынған киіктердің етін бұқтырып, өнім қылу көзделіпті. Ел аймақтарындағы бірнеше комбинат етті сақтауға және өнімге айналдыру жұмысына қол ұшын беруге де дайын екен.
Киелі жануар аурудан немесе басқа себептерден мыңдап қырылып арам өлгенше, мемлекет қазынасына қаржысы түсіргені жақсы деген пікір де орынды секілді. Бірақ, Президент ату жұмысы ақылға сыйымсыз екенін анық айтты. Ендігі кезекте ен далаға ие болып бір азайып, бір көбейіп отырған басы артық 80 мың киіктің тағдыры министрліктің қолында.
Айнұр Сатаева
Киікті негізінен браконьерлер мүйізі үшін аулайды. Ал мүйіз тек ақбөкеннің еркектерінде ғана болады.
Одан Шығыс медицинасында дәрі-дәрмек жасалады, яғни сұраныс жоғары. Сондықтан бра[1]коньерлер бұл істі кәсіпке айналдырған.
Киік мүйізінің салмағы жасы мен дене салмағына байланысты. Бағалы мүйіздің бір келісі қара базарда болжам бойынша 2-3 мың долларды құрайды.
Қытай нарығында тіптен 7-8 мың долларға жетеді.